2019 жылдың басынан бері Мойнақ СЭС-інде электр энергиясын өндіру жоспары артығымен орындалды

Астана. 27 мамыр. ҚазТАГ – 2019 жылдың басынан бері Мойнақ СЭС-інде электр энергиясын өндіру жоспары артығымен орындалды, деп хабарлады «Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінен.
«Мойнақ СЭС-інде жыл басынан бері электр энергиясын өндіру 350 млнкВтсағаттан асып, жоспардың 113 %-ін құрады», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Станция мамандарының дерегінше, СЭС орналасқан Шарын өзеніндегі су деңгейі былтырғыдан төмен, алайда 4 айда ағып келген су көлемі көп жылғы орташа көрсеткіштен 10% көп.
«Бұл ретте, өзеннің жылдық орташа шығыны елеусіз, шамамен 30 м3/с болуына қарамастан, су торабының құрылғыларын ыңғайлы орналастыру, өзен арнасының табиғи бұрылысын және судың шамамен 500 метр болатын биіктіктен құлауын пайдалану, сондай-ақ тар шатқалдар мен контрреттегіш су қоймасының болуы, Қазақстанның энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында тәуліктік жүктеу кестесінің ең жоғары көрсеткіштерін жаба отырып, СЭС-тің 300 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруіне мүмкіндік береді», - деді энергохолдингтен.
Хабарда атап өтілгендей,2012 жылдан, пайдалануға тапсырылған уақыттан бері, Мойнақ су электрстанциясы 6,5 млрд кВтсағаттан астам электр энергиясын өндірді..
«Бүгінде «Самұрық-Энергода» Шарын өзенінің сол жақ тармағын – СЭС-тің су алатын торабынан төмендеу құйылатын Кеңсу өзенінің арнасын қысым тоннелімен гидротурбиналарға су берілетін Бестөбе су қоймасына бұру жобасы қарастырылуда. Жоба іске асырылған жағдайда, СЭС-тің өндіруі артады және энергия нысанының су азайған кезеңдерге тәуелділігі сезілмейді деп күтілуде», - деді баспасөз қызметінен.
«Самұрық-Энерго» энергия холдингінің «Нарықты дамыту» департаменті дайындаған, Қазақстанның электр энергиясы мен көмірінің нарығына жасалған талдауға сай, «Самұрық-Энерго» АҚ энергия өндіретін ұйымдарының бүгінгі күнге дейін өндірген электр энергиясының көлемі 11,1 млрд. кВтсағатты құраған.
«Тұтас алғанда, Жүйелік оператордың деректерінше ҚР электр станциялары 2019 жылғы 27 мамырға дейін 42,8 млрд. кВтсағат электр энергиясын өндірген, бұл 2018 жылдың дәл осындай кезеңіндегі көрсеткіштердің 101 процентін құрайды», - делінген хабарда.
Қуаты 300 МВт, О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ СЭС Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және ҚР Электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес құрылған. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Шарын өзенінің бойында орналасқан. Бұл Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағындағы (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) энергия тапшылығын қысқартумен, ең жоғары жүктемелерді жабумен және энергия жүйесіндегі қуаттылықты реттеумен байланысты міндеттерді ойдағыдай шешіп отырған қарышты жобалардың бірі. Кәсіпорынның жоба бойынша бір жыл ішінде орташа есеппен электр энергиясын өндіруі – 1,027 млрд. кВтсағат.

adimage