2019 жылдың басынан бері теңге бағамы 1,2% нығайды – Ұлттық банк

Алматы. 14 мамыр. ҚазТАГ – Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 384,2 теңгеден 379,43 теңгеге дейін нығайды, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
«Ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты болып табылады, бағам белгілеу Қазақстан Ұлттық Банкінің қатысуынсыз сұраныс пен ұсыныстың нарықтық факторларының негізінде орын алып отыр. Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 384,2 теңгеден 379,43 теңгеге дейін нығайды», - делінген хабарда.
Осылайша, 2019 жылдың басынан бері 4,77 теңгеге нығайды немесе 1,2%.
«Бағам белгілеудің іргелі драйверлері оңтайлы қалыптасуда. Мәселен, жыл басынан бастап мұнай бағасы бір баррель үшін $54-тен $70-ке дейін өсті. Мұнай бағасының өсуі, сондай-ақ шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі аясында жыл басынан бері Ресей рублінің нығаюы байқалады», - делінген хабарда.
Алайда орын алып отырған АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда қақтығысының шешілуіне қатысты белгісіздік барлық дамушы елдердің валюталарына қысымды сақтайды.
«Төлем балансының жай-күйі жақсаруда. Алдын ала бағалауға сәйкес 2019 жылғы 1- тоқсандағы ағымдағы шот $834,8 млн деңгейінде күтіледі. Ағымдағы шоттың профициті қатарынан 2 тоқсан ішінде теңгенің нығаюына алғышарттар жасайды», - делінген хабарда.

adimage