2019 жылы Үрімшіден бірқатар автобус бағдарларына қызмет жасайтын тасымалдаушыларының шығуы апта күндеріне бөлінеді

Күні: 13:09, 26-09-2018.

Астана. 26 қыркүйек. ҚазТАГ – Қыркүйектің 18-21 аралығында Үрімшіде ҚР ИДМ Көлік комитеті делегациясы мен ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономдық районының көлік департаменті арасында халықаралық автомобиль тасымалы мәселелері туралы кеңес өтті, деп хабарлады ҚР инвестиция және даму министрлігінің баспасөз қызметінен.  
Кездесу барысында екіжақты жүк және жолаушылар тасымалы саласындағы проблемалық мәселелер қарастырылып, 2018 жылға рұқсаттама бланкілерімен алмасу квотасының соңғы көлемі және 2019 жылға алдын ала көлемі белгіленді.
Келіссөздер нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.
Қазақстандық ауыр жүк машиналарының Үрімші, Ининь және Алтай қалаларына дейін жүріп өтуі үшін Қытай тарапынан заңнама мен стандарттарды TIR конвенциясының талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар атқарылады. Осы уақытқа дейін ауыр жүк автомобильдерінің шанағы тұтас металды немесе төбе шатыры металды және шанақтың екі жағынан брезент тенті болу қажет.
Сонымен бірге, қытайлық ауыр жүк машиналарының «Қорғас» ШЫХО-ның Қазақстан жағына өтуіне тыйым салынуы туралы мәселе талқыланды. Қытай тарапы «Қорғас» ШЫХО басқарушы компаниясымен кеңес өткізгенін және тыйымның алынып тасталғаны туралы жауап алғанын хабарлады.
2019 жылдың бірінші тоқсанында Үрімшіден Алматыға, Талдықорғанға, Шонжыға, Георгиевкаға және Шымкентке тұрақты халықаралық автобус бағдарларына қызмет жасайтын  ҚР мен ҚХР СҰАР тасымалдаушыларының шығуы тепе-тең тасымалды қамтамасыз ету үшін апта күндеріне бөлінеді.
Екі тарап тұрақты халықаралық автобус бағдарларының жұмысын бұзған тасымалдаушылар туралы ақпаратпен алмасуы туралы келісті.
2018 жылы 10 мың дана көлемінде «С» түріндегі рұқсаттама бланкілерін қосымша алмасу туралы, ал 2019 жылы 50 мың бланкімен алмасу туралы шешім қабылданды.


Жаңалықтармен бөлісу: