2024 жылы Қазақстанда шамамен 11 мың шақырым жол ақылы болады деп жоспарлануда

Астана. 8 қараша. ҚазТАГ – 2024 жылы Қазақстанда шамамен 11 мың шақырым жол ақылы болады деп жоспарлануда, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«2024 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 11 мың шақырымы ақылы болмақ. Бүгінгі таңда жол учаскелерінде төлем алу жүйесін енгізу және оған қызмет көрсету жобасына инвестициялық конкурс жарияланған», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Ведомствода хабарлағандай, жолдарды ақылы етуге бағытталған жоба 2 кезеңде енгізіледі деп жоспарлануда.
«Алғашқы кезеңде, яғни 2020 және 2021 жылдардың аралығында автомобиль жолдарының 6 мыңға жуық шақырымы ақылы болады. Бұл – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің, Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасы, Щучинск – Петропавл, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Қалбатау – Павлодар – РФ шекарасы (Омбыға), Таскескен – Бақты, Қапшағай – Талдықорған, Атырау – Орал, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт - Өзбекстан Республикасының шекарасы және Ақтау – Бейнеу жолдарының учаскелері. 2022 және 2023 жылдар аралығында автомобиль жолдарының қалған 5 мың шақырымын ақылы етудің екінші кезеңін жүзеге асыру көзделген», - делінген хабарда.
ИИДМ ақпраныша, бүгінгі таңда ақылы «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау, «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» жолдарынан түскен қаражаттың жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асады.
«Жиналған қаражат аталмыш жол учаскелері мен төлем қабылдау жүйесін күтіп ұстауға жұмсалады», - делінген хабарда.

adimage