3 әкім мен 2 бас дәрігер «кенеттен» жүйке ауруына ұшырағаны себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатылыпты – ҚР бас прокуратурасы

Күні: 17:49, 29-10-2014.

Астана. 29 қазан. ҚазТАГ – 3 әкім мен 2 бас дәрігер «кенеттен» жүйке ауруына ұшырағаны себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлады ҚР бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«Сот тәжірибесін зерделеу кезінде қылмыс жасады деп айыпталып отырған адамдардың жауапкершілік пен жазадан жалтарып кетуіне әкеліп соққан біршама бұзушылықтар анықталды (...) Тергеу барысында «кенеттен» жүйке ауруына ұшыраған 11 адамның қылмыс жасаған сәтте мемлекеттік органдарда ұзақ уақыт бойына лауазымды қызмет атқарып келгендігі анықталған. Олардың арасында 3 әкім, 3 әскери қызметші, 2 бас дәрігер, 2 бухгалтер және 1 поезд бастығы бар», - делінген сәрсенбі күнгі хабарда.
Бұл ретте қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған 35 адамның 21-і ауыр, 9-ы аса ауыр қылмыс жасаған. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі Алматыда (8 адам), Оңтүстік Қазақстан (7) және Алматы облыстарында (6) орын алғандығы айтылады.
Сондай-ақ әкімшілік тәжірибеге жасалған талдау көрсеткендей, сот арқылы тұрғылықты жері бойынша емдеу тағайындалған жүйке аурулары бар адамдар азаматтық-құқықтық мәмілелер жасап, өндірістерде жұмыс істеп, автокөлік құралдарын басқарып келгендәгә айтылады.
«Бұл ретте жол полициясы органдары мұндай азаматтарды көлік басқару құқықтарынан айыру туралы мәселе көтеруге құлықсыз. Мұндай 208 дерек анықталды», - делінген ведомство сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор аталған санатқа жататын істер бойынша соттар жіберген заң бұзушылықтарды анықтау туралы Жоғарғы Сотқа хабарлауды тапсырды. Әсіресе сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу мерзімін созу туралы денсаулық сақтау мекемелері ұсыныстарының негізділігін мұқият зерттеу қажеттілігіне назар аударды.
Ішкі істер министрлігіне жүйке ауруына шалдыққан азаматтарды көлік құралын басқару құқығынан айыруға тиімді шаралар қабылдау, сондай-ақ жүйке ауруларымен сырқаттанған адамдардың қоғамдық қауіпті әрекеттерін уақтылы ескерту мақсатында денсаулық сақтау мекемелерімен өзара тығыз іс-қимыл жасасуды қамтамасыз ету ұсынылды.


Жаңалықтармен бөлісу: