31 қазаннан 3 қарашаға дейін Парижде Астананың күндері өтеді

Астана. 14 қазан. ҚазТАГ – 31 қазаннан 3 қарашаға дейін Франция астанасында Астананың күндері өтеді, делінген елорда сайтында жарияланған хабарда.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жұмыс сапары барысында елордалық мамандар делегациясы француз әріптестерінің тәжірибесін зерделейтін болады.  
Бүгінде қос мемлекеттің арасында фармацевтика, туризм, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық орнатудың жаңа мүмкіндіктері туып отыр. Көптеген француз компаниялары ЭКСПО-2017 дайындауға және ұйымдастыруға белсенді қатысуда.
Франция мамандары экологиялық таза көлік, энергия жүйесін ұйымдастыру, құрылыс және қалалық экожүйе салаларында, соның ішінде сумен қамту, қалдықтарды басқару, қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша техникалық шешімдер ұсынады.
Еске салайық, 2012 жылы Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Содан бері ASTAINABLE сынды жобалар ұсынылып, соның аясында ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Астананы қысқа мерзімді перспективада және 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді дамыту жоспары әзірленіп жатыр. Оған Қазақстан мен Франция мамандары тартылды. Биыл елордада тараптар түрлі салалардағы қызметтерді дамытудың проблемалық мәселелерін талқылады. Астананың Париждегі күндері кейбір салалар бойынша екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға серпін береді.
Айта кетейік, Франция 120 жылдан астам уақыт бұрын халықаралық көрмені екінші болып өткізген. 1928 жылы Парижде көрме қызметін реттеу үшін Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) құрылды. Көрме Франция астанасында бірнеше рет өткізілді. Қала бірегей құрылыс зертханасына айналып, техникалық ой ұшқырлығы мен көлемі жағынан әлемдік практикадан көптеген жылға озып кеткен ғимараттар мен құрылыстар салынды. Мысалы, 300-метрлік Эйфель  мұнарасы.

adimage