3360 видеосабақтың 300-і эфирге шығуға дайын – ҚР БҒМ

Астана. 31 наурыз. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. 3360 видеосабақтың 300-і эфирге шығуға дайын, деді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
«Бізге 3360 видеосабақ түсіру керек. Біз жұмысты бастадық, 300-ден астам сабақ түсірілді, бұл эфирге шығуға дайыны. Педагогтар түсіп жатыр, әрине олар үшін бұл оңай емес. (…) Сабақ түсіріліміне белгілі бір уақыт керек», - деді Аймағамбетов сейсенбі күнгі брифинте.
Бұл ретте ол атап өткендей, сабақтар екі республикалық телеарналар арқылы және интернет желісінде көрсетілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 325 жағдайы тіркеліп, 21-і жазылып, екі адам көз жұмды.

adimage