50 мың астаналық латын тілінде жалпы ұлттық диктант жазады

Күні: 17:06, 06-11-2018.

Астана. 6 қараша. ҚазТАГ – 50 мың астаналық латын тілінде жалпы ұлттық диктант жазады, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
«2018 жылдың 27 қыркүйегіндегі ҚР премьер-министрі Б.А.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен қазақ тілі алфавитін латын графикасына көшіру туралы Ұлттық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасының 2 т. сәйкес және «Қазақ тілінде жазудың негізгі ережелерінің жобасын» тәжірибе жүзінде қолдану мақсатында ҚР мәдениет және спорт министрлігі жалпы ұлттық диктант жазу туралы ұсыныс тастады», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.  
Соған байланысты 14 қарашада сағат 11.00-де Астана қаласында оқушылар, студенттер, мұғалімдер, орта және жоғары оқу орындарының оқытушылары, мәдениет, спорт, медицина, коммуналдық шаруашылық, энергетика және басқа сала қызметкерлері диктант жазады. Диктантты латын графикасы негізінде жазатын болады.  Шараға жасы 15-ке жеткен барлық азаматтар қатысады. Жалпыұлттық диктант жазу шарасына 50 мың астаналықты қатыстыру жоспарлануда.   Диктант жазу бір күнде бір мезгілде өтеді. Қазіргі таңда диктант жазу және дидактикалық материалды тарату бойынша алдын-ала ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.  
«Диктанттың бекітілген нұсқасы (80-90 сөз) аудиожазба арқылы  «Шалқар», «Қазақ радиосы» эфирлерінен таратылады.  Диктантты жазу ұзақтығы – 30 минут. Диктантты жазу арнайы дайындалған бөлмелерде өтеді», - делінген хабарда.  
Ал арнайы дайындалған жерлерде диктант жазуға мүмкіндігі болмағандар үшін ұйымдастырушылар компьютер немесе смартфон арқылы көрсетілген уақытта emle.kz, tilalemi.kz сайттарына өтіп, сілтемені басу арқылы аудиожазбаны тыңдап, жазу мүмкіндіктерін қарастырған.  Ондай қатысушылар диктанттың сканерленген немесе суретке түсірілген нұсқасын   [email protected]. электронды поштасына жіберулері керек.
Диктант жазу аяқталғаннан кейін аталмыш сайттарда диктанттың дұрыс нұсқасы мен жұмыстарды бағалау шкаласы жарияланады. Нәтижесінде әр қатысушы өз жұмысын соған сәйкес бағалай алады.  


Жаңалықтармен бөлісу: