АҚДМ «Әділ сөз» қорының сайтын Қазақстандағы тыйым салынғандар тізіміне енгізген

Алматы. 3 сәуір. ҚазТАГ – ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Әділ сөз» қорының сайтын Қазақстандағы тыйым салынғандар тізіміне енгізген, деп хабарлады қордың баспасөз қызметінен.
«Бұл ақпаратты бізге заңгер Елжан Қабышев жеткізді. Сөйтсек, біздің www.adilsoz.kz сайтымыз, біз әдетте оның үзіліссіз жұмыс жасауын және жаңартылуын мұқият қадағалап отырамыз, көптен бері бұғатталған болып шықты! ҚР АҚДМ http://www.qogam.gov.kz/ru/complain порталында ол заңсыз ақпарат тарататын интернет-ресурстар тізілімінде тұр», - делінген жұма күні таратылған хабарда.
Қор мұның қалай және қандай негізде орын алғанына таң.
«Сөйтсек, министрлікке Рудный қалалық сотына сілтеме жасалған қандай да бір аудиоматериал түскен. Бұл не қылған сот құжаты, қашан шыққан? Министрлікке қай еріккен жалған ақпарат берген? Ештеме белгісіз. Алайда ол ақпарат 30-30-5/2864-И нөмірімен тіркелген. Және ол іске асырылған», - деді қордан.
«Әділ сөз» атап өткендей, ол өзі жұмыс жасаған 20 жыл ішінде қолданыстағы заңнаманы бірде-бір рет бұзбаған, қандай да бір сот процесінің қатысушысы болмаған, ҚР заңнамасын бұзғаны туралы бас прокуратураның немесе мемлекеттік бақылау комитетінің ұйғарымын ешқашан алмаған. Қорға қатысты сайтты бұғаттау туралы ешқашан сот шешімі шықпаған.
«2015 жылы «Байланыс туралы» заңға бас прокуратураға, байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау комитетіне сот шешімінсіз сайттарды бұғаттау құқығы берілгеннен кейін 2016 жылы бұғатталған сайттар базасы (тізілімі) жасалды. Осы түзетулер талқыланып жатқанда «Әділ сөз» қоры басқа да көптеген құқыққорғаушылар, журналистер, блогерлер, интернет-ресурс иелері секілді оның қабылдануына қарсылық білдірді. Біз әзірлеушлер мен депутаттарға мұндай нормалар шенеуніктердің «қолдарын шешіп», негізсіз бұғаттауға алып келеді дедік. Міне енді өздері де соған тап келіп отыр: қор сайты бұғатталмаған, бірақ қара тізімге енгізілген», - делінген хабарда.
Қор Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа сайтты бұғатталған интернет-ресурстар тізімінен алып тастау талабын жеткізді.

adimage