Ақмола облысы ПД бастығы тағайындалды

Астана. 4 қараша. ҚазТАГ – Ақмола облысы полиция департаментінің (ПД) бастығы тағайындалды, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.
«Көкшетауда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаев облыстық полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Президент әкімшілігінің және облыс әкімінің келісімімен Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы болып полиция генерал-майоры Баймурзин Арманбек Хәкімбекұлы тағайындалды. (…) Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаев облыс әкімі Ермек Маржықпаевпен бірге таныстырды», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда айтылғандай, «полиция генерал-майоры Билялов Берік Сұлтанғазинұлы атқарып отырған қызметінен босатылған және қызметін ІІМ орталық аппаратында жалғастыратын болады».
ІІМ нақтылағандай, Баймұрзин ішкі істер органдарында 1992 жылдан бері жұмыс жасап келеді; әр жылдары ІІМ криминалдық полиция комитетінде, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, 2014 жылдың қарашасынан бастап ІІМ криминалдық полиция департаментін басқарған.
Бұған дейін ҚазТАГ ХАА Kokshetau Asia-ға сілтеме жасай отырып, Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асан Садуов пен ПД қаржылық қамту басқармасының бастығы Сәуле Жұмалина сыбайлас жемқорлық күдігіне ілікті, деп хабарлаған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер құқықбұзушылықты бір жыл бойы жасап келген. Хабарланғандай, полковник Садуов ішкі істер органдарынан қуылған.
Сол күні ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен 2019 жылғы 3 қазанда ҚР ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаменті мен ІІМ ЖҚД ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жүргізген бірлескен жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ҚР ҚК 189-бабы 3-б. («Лауазымды адамның сеніп тапсырылған мүлікті бірнеше рет ірі мөлшерде иемденіп алуы»), 362-бабы 4-б. 3-т. («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану») көзделген қылмыстарды жасады деген күдікпен Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі А. Садуов ұсталғанын жеткізді. ҰҚК атап өткендей, «қазіргі уақытта ведомствоаралық жедел-тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу шеңберінде одан әрі іс-шаралар жүргізуде».
8 қазанда ҚР ІІМ Берік Билялов Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы қызметінен шеттетілгенін, Облыстық ПД бастығының МА болып ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің тағайындалғанын хабарлады.
10 қазанда ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Ақмола облысы ПД бастығы Берік Биляловтың тергеу уақытына қызметінен шеттетілгенін хабарлады.


adimage