Ақмола облысы ПД бастығы қызметінен шеттетілді

Астана. 8 қазан. ҚазТАГ – Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Берік Билялов қызметінен шеттетілді, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Департамент бастығының орынбасары А.Садуов пен қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы С.Жұмалинаға қатысты сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол берді деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүріп жатуына орай Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Б.Билялов атқарып отырған лауазымынан босату туралы рапорт берді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Ақмола облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы болып ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймұрзин тағайындалды», - делінген хабарламада.
Бұған дейін ҚазТАГ ХАА Kokshetau Asia-ға сілтеме жасай отырып, Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асан Садуов пен ПД қаржылық қамту басқармасының бастығы Сәуле Жұмалина сыбайлас жемқорлық күдігіне ілікті, деп хабарлаған еді.
Сол күні ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен 2019 жылғы 3 қазанда ҚР ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаменті мен ІІМ ЖҚД ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жүргізген бірлескен жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ҚР ҚК 189-бабы 3-б. («Лауазымды адамның сеніп тапсырылған мүлікті бірнеше рет ірі мөлшерде иемденіп алуы»), 362-бабы 4-б. 3-т. («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану») көзделген қылмыстарды жасады деген күдікпен Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі А. Садуов ұсталғанын жеткізді.
ҰҚК атап өткендей, «қазіргі уақытта ведомствоаралық жедел-тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу шеңберінде одан әрі іс-шаралар жүргізуде».
Берік Билялов Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы болып 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған еді.

adimage