Ақмола облысында сібір жарасы күдігіне байланысты ауыл карантинге жабылып, 5 адам ауруханаға жатқызылды

Күні: 10:37, 19-08-2019.

Астана. 19 тамыз. ҚазТАГ – Ақмола облысында сібір жарасы күдігіне байланысты ауыл карантинге жабылып, 5 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
«16 тамызда аталмыш ауылдан алынған сынамалардың нәтижесінде алдын ала «сібір жарасы» диагнозы қойылып, 17 тамыздан бастап ауылда карантин жарияланды. Дегенмен, зерттеулер әлі де жалғасуда. Толық нәтиже 19-20 тамызда белгілі болуы тиіс», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда
Хабарда атап өтілгендей, сенбі күні Ақмола облысы Аршалы ауданының аумағында сібір жарасы ауруларының ошақтарын жою бойынша штаб отырысы өтті. Құрамында 14 адам кіретін штаб ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, денсаулық сақтау басқармасының, жергілікті полиция қызметінің іс-қимыл жоспары қабылданды.
«Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, Ольгника ауылының 5 тұрғыны ауруханаға жатқызылған. Қазір сынамаларға зерттеу жүргізіліп жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. Ольгинка ауылындағы малдар арасында «сібір жарасы» жоқ. Күн сайын жануарларды комиссиялық тексеру жүргізіледі», - деді ауыл шаруашылық минінен.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, «Ольгинка ауылының барлық малын сәуір айында жергілікті атқарушы орган - Михайлов ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің ветеринарлық мамандары сібір жарасына қарсы еккен».
АШМ нақтылағандай, 17 тамызда карантиндік шаралар бастлаған.
«Ветеринариялық қағидаларды бекіту туралы» ҚР АШМ 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығымен бекітілген ветеринариялық-санитариялық қағидалардың 1 параграфының 145-22 тармағына сәйкес, Сібір жарасы бойынша карантин инфекция жойылғаннан және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін 15 күнтізбелік күн өткеннен кейін алынады. Шамамен қыркүйектің бірінші онкүндігінде карантин алынып, мал мен өнімді тасымалдауға рұқсат етіледі», - деп мәлім етті министрліктен.


Жаңалықтармен бөлісу: