Ақмола облысының ауыл тұрғындарын арнайы халық академиясында «жасыл» технологияларға үйретеді

Астана. 4 қыркүйек. ҚазТАГ – Нұргүл Жігер. Ақмола облысындағы Арнасай ауылында ашылған «Жасыл технологиялардың халықтық академиясы» оқу орталығында ауыл тұрғындарын органикалық өнім өндірісі мен энергияны үнемдеу технологияларына үйретеді, деп мәлім етті облыс мәслихатының хатшысы Дулат Нұрмолдин.
«Орталықтың негізгі міндеті «жасыл» экономика мен технологиялар туралы жүйелі білім алу, энерго- және су үнемдеу технологияларын пайдалану тәжірибесімен танысу болып табылады», - деді оқу орталығының ашылуында Д. Нұрмолдин.  
Орталық 1050 шаршы метр аймақты алып отыр, оның ішінде оқу класстары, 30 орындық қонақ үйі, асхана, фитодиодтық жылыжай мен күн биовегетарий (жаңа буын жылыжайлар) бар.
Жалпы алғанда, «халықтық академия» аясында қазірдің өзінде «жасыл технологиялардың» 15 түріндей енгізілді. Онда пиролиздік жылу жүйесі, күн батареялары мен су жылытатын коллекторлар, жарықдиодтық және фитодиодтық жарықтандыру, энерготиімді күн құдықтары мен т.б. пайдаланылады.
Жоспар бойынша көпшілікке көрсетілетін нысандарда энергоүнемдеу мен органикалық ауыл шаруашылығы саласындағы аса тиімді технологияларға үйрету болады, шағын энергетика, энерготиімді жылыту мен жарықтандыру, туризм, «жасыл» құрылыс, қалдықтарды кәдеге асыру мен басқа да бағыттар бойынша елде жүзеге асырылған жобаларды көбейту қолға алынбақшы.  
Орталықтағы курстардың тыңдаушылары «жасыл бизнес» негіздерін кешенді оқыған соң сертификаттар алады.
Одан басқа, орталықта интернет арқылы бейнеконференциялар жүргізу жолымен жаңа техникалардың пилоттық үлгілерін көрсету мүмкіндігі бар.

adimage