АҚШ 2021 жылдың шілдесінде ДДСҰ құрамынан шығады

Алматы. 8 шілде. ҚазТАГ – АҚШ Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) бас хатшысы Антониу Гутерришті 2021 жылдың шілдесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатыны туралы хабардар етті, деп хабарлады БҰҰ баспасөз қызметінен.
«Америка Құрама штаттары БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришті – ДДСҰ жарғысының депозитрийі сол болып табылады – осы ұйымның құрамынан шығатыны туралы хабардар етті. Шешім 2021 жылдың 6 шілдесінде күшіне енеді», - деп хабарлады БҰҰ.
Бұл ақпаратты БҰҰ бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик растады.
«Құрама штаттар 1948 жылдың 21 маусымынан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатысушысы болып келеді», - деп нақтылады ол.
Мемлекетті ДДСҰ-ға нақты бір шарттар бойынша қабылдайды. Атап айтсақ, соның бірі ДДСҰ құрамынан шығу тәртібін айқындайды: ел ондай қадамы туралы бір жыл бұрын хабардар етуі және ұйым алдындағы барлық қаржылай міндеттемелерін толық өтеуі тиіс.
«БҰҰ бас хатшысы депозитарий ретінде қазіргі таңда осы талаптардың барлығының орындалған-орындалмағанын тексеруде», - делінген хабарда.
Еске салсақ, мамыр айында АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттардың ДДСҰ-мен барлық қатынасын тоқтатуды жоспарлап жатқанын мәлімдеген еді. Оған себеп – оның басшысының Ақ Үй ұсынған реформаны жүргізуден бас тартуы. Америкалық басшы ДДСҰ-ны Қытайдың бақылауында және коронавируспен күресуге қажетті шараларды қабылдамай жатыр деп айыптаған еді.

adimage