АҚШ-тың Кремний алқабында 11 қазақстандық инноватор білімін жетілдіруде

Күні: 12:39, 28-10-2014.

Астана. 28 қазан. ҚазТАГ - АҚШ-тың Кремний алқабында 11 қазақстандық инноватор білімін жетілдіруде, деп хабарлады «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ (ТДҰА) баспасөз қызметі.
««Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асланбек Әмриннің айтуынша, биотехнология, ақпараттық-коммуникациялық технология, энергетика және машина жасау салаларының 11 инноваторына шетелде инновациялық жобаларды жедел дамыту және инкубациялау бағдарламасы бойынша білімін жетілдіруге мүмкіндік берілетін болады. Инновациялық жобаларды жедел дамыту және инкубациялау бағдарламасы бойынша оқыту 2014 жылдың 26 қазаны мен 15 қарашасы аралығында Кремний алқабында (АҚШ) өтеді», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Қазақстандық инновацияны қолдау бағдарламасы шеңберінде өткен KazINNO республикалық байқауының бірінші кезеңінде 500 үміткердің ішінен 11 жеңімпаз іріктеліп алынды. Байқауды ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ ұйымдастырды.
«Бағдарлама біздің жеңімпаздарымызға өздерінің жобасы бойынша тәжірибелі  тәлімгерлермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, олар жобаны одан ары дамыту стратегиясын құруға және шешуші шешімдерді қабылдауға көмектеседі», - деп атап өтті А. Әмрин.
Бағдарлама барысында сауатты маркетингтік орналастыру мен сату жүйесін құру, дер кезінде инвестициялаудың қажеттілігі, зияткерлік меншікті қорғау, персоналмен жұмыс істеу және өзге де мәселелер қаралады.
Оқыту аяқталған соң барлық командаларға әлеуетті инвесторлар алдында өз жобасын таныстыруға мүмкіндік беріледі. Бағдарлама аясында қазақстандық инноваторлар Кремний алқабында жұмыс істейтін табысты кәсіпкерлермен кездеседі, жетекші ЖОО, университеттер мен әлемде танымал инновациялық компаниялар және техникалық инкубаторларды аралайды.
Калифорния штатының оңтүстік - батысында орналасқан Кремний алқабы компьютерді жасақтау және өндіруге, ұялы байланыс құралына, биотехнологияға байланысты жоғары технологиялы  компаниялардың көп орналасуымен ерекшеленеді. Кремний алқабы - ол цифрлық революцияның орталығы, онда америкалық инженерлердің 40% жұмыс істейді, олар ақпараттық технологиялар саласынан.


Жаңалықтармен бөлісу: