Ақтөбе облысында автобустың 52 жолаушысының қазасына қатысты күдікті Өзбекстаннан экстрадицияланды

Күні: 18:17, 26-12-2018.

Астана. 26 желтоқсан. ҚазТАГ – Ақтөбе облысында автобустың 52 жолаушысының қазасына қатысты күдікті Өзбекстаннан экстрадицияланды, деп хабарлады Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ қызметкерлері қылмыстық жауапқа тарту үшін Өзбекстаннан Ордухан Мехтиевті экстрадициялады. Ұсталған адамға ағымдағы жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысында көлік құралының өртенуіне және 52 адамның қаза табуына әкеп соқтырған техникалық ақауы бар автобусты заңсыз пайдаланған деп күдік келтіріліп отыр», - деп хабарлады сәрсенбіде бас прокуратурадан.
Ведомство ақпарынша, қылмыс жасағаннан кейін күдікті көрші мемлекеттің аумағында жасырынып жүрген, осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Бүгінгі күні Мехтиев Шымкент қаласындағы тергеу изоляторында жатыр», - деді бас прокуратурадан. 
Еске салайық, 18 қаңтарда Самара-Шымкент автожолының 1068 шақырымында қозғалыс кезінде Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде жолаушылар автобусы өртенді. Өрт салдарынан Өзбекстанның 52 азаматы қаза болды, Оңтүстік Қазақстан облысының үш тұрғыны және Өзбекстанның 2 азаматы аман қалды. Автобус ОҚО Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылынан Казанға (Ресей) бара жатқан.
Үш аман қалған жүргізуші – Нұржан Қыргызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. 7 жыл бойына олар жолаушылар тасымалы саласында жұмыс жасай алмайды.
«Азиатранзитсервис» ЖШС механигі Бахадур Пердебаев пен кампания директоры Нурлыбек Тлепбаев әрқайсысы 3,6 жылға бас бостандықтарынан айырылды, жазаларын абақтыда өтейді. Қалғандары 1,6 жылға қоғамдық жұмысқа тартылды. Н. Тлепбаев жолаушылар тасымалы бойынша қызмет көрсететін компанияны 5 жыл бойына басқару құқығынан айырылды.


Жаңалықтармен бөлісу: