Ақтөбе облысында балаларды ұрған балабақша тәрбиешісіне үкім шықты

Алматы. 13 наурыз. ҚазТАГ – Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соты балаларға қол жұмсаған Бадамша ауылындағы балабақша тәрбиешісін 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды, деп хабарлады «Мой город» порталы.
БАҚ ақпарынша, дайындық тобындағы сабақ түсірілген видеода тәрбиешінің балаларға ұрысып жатқаны, бір қызды тіпті құлағыннан сүйреп тақтаға шығарғаны, сосын оны басынан ұрғаны және тағы да бір қызды басынан ұрғаны көрсетілген. Бұл видео желіге тарап кетті. Осыдан кейін ата-аналар балабақшада жиналыс жасап, тәрбиешіні жұмыстан шығару туралы талаптарымен прокуратураға жүгінген.
Қарғалы полиция бөлімі ҚР ҚК 140 б. 2б. бойынша тергеу амалдарын жүргізді.
«Бүгін, 13 наурызда, сот ол әйелге қатысты 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түрінде үкім шығарды. Сондай-ақ ол тәрбиешіні, яғни бұрынғы тәрбиешіні 3 жылға дейін кәмелеттік жасқа толмағандармен байланысты педагогикалық қызметті атқару құқығынан айырды. Әйел өз кінәсін толығымен мойындады және ісіне өкінетінін білдірді», - деп жазады басылым.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.

adimage