Ақтөбе облысында Самара-Шымкент автомобиль жолында 200-дей көлік кептеліп қалды

Астана. 4 қараша. ҚазТАГ - Ақтөбе облысында Самара-Шымкент автомобиль жолында 200-дей көлік кептеліп қалды, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінен.
«4 қарашада Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында – Самара-Шымкент тас жолының 1153 – 1240 шақырым аралығын қар басып қалуынан шамамен 200-дей көлік тұрып қалған. Оқиға орнында көліктерді қардан шығару және адамдарды жақын маңдағы елдімекендерге апару үшін ЖАО, ТЖД, ЖПҚ өкілдерінен, «Қазақавтожол» ЖШС басшылығынан құрылған жедел топ жұмыс жасауда. Эвапункттер жақын маңдағы елдімекендерде ұйымдастырылып, ашылған. Сонымен қатар жолдарды қардан аршу жұмыстары да жүргізілуде. Ақтөбе облысы ТЖД-де жедел штаб құрылып, 8 (7132) 24-75-29 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс жасап тұр», - деп хабарлады дүйсенбіде ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Бұған дейін хабарланғандай, ауа райының бұзылуынан екі учаскеде – Қызылорда және Ақтөбе облыстарында – Самара-Шымкент тас жолдары жабық.
«3 қарашада кешкі 20.00-ден бастап ауа райының бұзылуына байланысты (қар, көктайғақ, қатты боран) «Самара - Шымкент» республикалық маңызы бар жолының учаскесі (Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі 965-1240 шақырым аралығы) жабылды. Сонымен қатар, 3 қазанда сағат 20.25-тен бастап ауа райының бұзылуынан (қар, көктайғақ, қатты боран, дым көрінбеушілік) Самара-Шымкент республикалық маңызы бар жолының Ақтөбе облысындағы учаскесі де (Арал қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 1357-1240 шақырымы) жабылған», - деді дүйсенбі күні ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

adimage