««Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында облыс прокуратурасы Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына екі адамды заңсыз бас бостандығынан айыру және өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі жолдады. Тергеу барысында күдіктінің танысымен жанжалдан кейін оның үйіне заңсыз кіріп, анасы мен өгей әкесін өлтіргені, ал жәбірленуші әйелді еркінен тыс күштеп ұстағаны анықталды. «Арлан» арнайы жасағы жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде әйел босатылып, күдікті оқиға орнында ұсталды», – делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.
Облыс прокуратурасы бұл істі ерекше бақылауға алып, арнайы процессуалдық прокурорлар тобын тағайындады.
«Күдіктіге ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің 1,3,5 тармақтары (екi немесе одан көп адамды өлтіру), 126-бабының 2-бөлігінің 3,4 тармақтары (өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айыру) және 107-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру), яғни екі немесе одан көп адамды аса қатыгездікпен өлтіру, сондай-ақ күш қолдану арқылы бостандығынан заңсыз айыру баптары бойынша айып тағылды», — деп хабарлады Бас прокуратура.
Еске салайық, 14 қаңтарда ҚазТАГ агенттігі Ақтөбеде кепілге алынған адамдарды босату операциясы жүргізілгенін хабарлаған еді. Түнде босатылған үш адамның екеуі көз жұмып, олардың өліміне пышақ жарақаттары себеп болғаны анықталған. Үшінші жәбірленуші жансақтау бөлімінде қайтыс болған. 17 қаңтарда күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.
Фото көзі: Фото из открытых источников