Астана. 27 қараша. ҚазТАГ – Ақтөбеде сот орамал тағып келген оқушыларды сабаққа кіргізбеген мұғалімдердің әрекетін заңды деп тапты, деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінің ақпарынша, №3 Ақтөбе соты аталмыш орта мектеп ата-аналарының балаларын сабаққа кіргізбеуін заңсыз деп тану туралы мектеп директорының атына жазған талап-арыздары бойынша азаматтық істі қарады.
«Сотта белгілі болғандай, арызданушылардың қыздары аталмыш мектептің 3, 6 және 7 класс оқушылары орамал тағып барып, мектеп формасы талаптарын сақтамағаны үшін сабаққа жіберілмеген», - делінген хабарда.
Арыз иелері мектеп басшылығының талабы Конституцияға, халықаралық шартқа: азаматтық және саяси құқық туралы пакті, бала құқығы туралы конвенция, білім саласындағы кемсітушілікпен күрес конвенциясына қарсы келеді деп санайды.
«Сот шешімімен арызданушылардың талап-арыздары қанағаттандырылудан бас тартылды. Себебі орта мектеп әкімшілігінің әрекеті, мектеп жарлығындағы норма мен мектептің ішкі тәртіп ережесі білім министрлігінің орта білім беру мекемесі үшін міндетті мектеп формасы туралы бұйрығын орындаумен байланысты. Және ол Конституцияға, халықаралық шартқа қайшы келмейді және тек мектеп формасына талапты белгілейді, дінге сену бостандығы құқығын да кемсітпейді», - делінген хабарда.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақтөбеде сот орамал тағып келген оқушыларды сабаққа кіргізбеген мұғалімдерді қолдады
