Ақтау. 16 қыркүйек. ҚазТАГ – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы сомасы Т225 млрд астам сомаға өнім шығарылды, салынған инвестициялар көлемі Т40 млрд құрады, деп мәлімдеді АЭА департаментінің инвесторлармен жұмыс директоры Әйгерім Молдабекова.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында» 28 инвестициялық жоба іске асырылды, олардың 9-ы пайдалануға берілді. 7 жоба құрылыс-монтаждау кезеңінде тұр, оларды 2016-2017 жылдары іске қосу жоспарлануда. Тағы 11 жоба жобалық құжаттаманы және құрылысты бастауға дайындық жұмыстары үстінде», - деді Ә.Молдабекова сейсенбіде «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында орналасқан нысандарға жасаған баспасөз туры барысында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда АЭА аумағында жалпы сомасы Т225 млрд өнім шығарылған, ал салынған инвестициялар көлемі Т40 млрд.
«Біздің аумақта Әзірбайжанның, Италияның, Ресейдің, Қытайдың, Сингапурдың қатысуымен 10 жоба жұмыс жасап жатыр. Біз тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Инфрақұрылымдарының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 7 миллиард теңге жұмсалды, салық түрінде мемлекетке 19 миллиард теңге қайтарылды. Жоба өзін толық ақтады. Құрылған жұмыс орындарының саны мың адамға жуық», - деп атап өтті Ә.Молдабекова.
Мәселен, «КИС» ЖШС индустриалды құрылыс комбинаты 2014 жылдың желтоқсанында ашылды. Ол темір бетон бұйымдарының 25-тен астам түрін шығарады. Комбинаттың өндіру қуаты жылына 100 мың шаршы метр тұрғын үй. Маңғыстау облысы үшін «КИС» ЖШС пилоттық режимде 31 ықшамауданда салынып жатқан бес подъезді он екі қабатты үйдің құрылысы үшін материалдар шығарды. Құрылыс материалдарын шығару мерзімі 2 айды құрады.
ЖШС директоры Алмас Сатанов атап өткендей, ұй салатын компаниялар үшін аталмыш комбинаттардың болуы құрылыс қарқынын жылдамдатып, еркін жоспарлауға мүмкіндік беріп, шығаратын материалдар сапасын да жақсартады.
«Бізде сапасын толығымен тексеретін зертхана бар. Әзірге қиындықтар жоқ, тапсырыс бар, комбинат толық қуатта жұмыс жасап тұр», - деп толықтырды ол.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қарашасында «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында «Азерсун» өндіріс және логистика орталығын ашу жоспарлануда. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы жергілікті атқарушы органдар өңір базарындағы тамақ өнімдерінің өзіндік құнын арзандатуға үміттеніп отыр. Жоба құны Т3,6 млрд.
«Біздің логистикалық орталық екі бөліктен тұраы: құрғақ қойма және температурасы реттелетін мұздатқыш камералар. Сондай-ақ камераларда оттегі деңгейін төмендететін жүйе пайдаланылады, ол мұздатқыштар технологисындағы жаңалық болып табылады және тамақ өнімдерінің, әсіресе жемістердің дәмінің сапасын сақтап тұрады», - деді «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС директоры Алекбер Мурадов.
Орталықтың жалпы алаңы 9 мың шаршы метр, ол автокөлік жолдары арқылы азық-түлікті қабылдау үшін теміржол желісімен және магистральмен жабдықталған. Орталықты ашу нәтижесінде шамамен 100 жұмыс орны ашылады.
«Ақтауда осы логистикалық орталықты ашудағы мақсат қазір Маңғыстау облысы базарында сатылып жатқан азық-түліктің өзіндік құнын төмендету. (…) Біз әр елдің компаниясымен жұмыс жасауға ниеттіміз», - деп атап өтті А.Мурадов.
Сонымен қатар жыл аяғына дейін Ақтау теңіз портының кеңейтілен аумағында солтүстік бағытта астық терминалын іске қосу да жоспарлануда. Бұл жоба да АЭА аумағында. Терминалда 200-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазірдің өзінде қызметкерлерді іріктеу, оқыту және жұмысқа қабылдау бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Астық терминалының өндірістік қуаты жылына 1,5 млн тонна астық тиеу, ал контейнерлік терминал бойынша – шамамен 1 млн тонна контейнерлер мен басты жүктерді тиеу.
Қатысты сілтемелер
-
Қазақстандағы АҚШ елшісі: Мен революция елшісі емеспін
10 Ақпан 2021, 14:41 -
АҚШ елшісі: Біз адам саудасына қарсы күресте Қазақстанды қолдаймыз
30 Шiлде 2020, 08:42