Ақтауда «20 қайырымды іс» эстафетасы аясында этномәдени бірлестіктердің жұмысы қорытындыланды

Ақтау. 2 қазан. ҚазТАГ - Маңғыстау облысында этномәдени бірлестіктер арасындағы «Мейірімділіктен-бірлікке» үздік әлеуметтік жоба конкурсы қорытындыланды, деп хабарлады агенттік тілшісі.  

«Көптеген этномәдени бірлестіктер Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, азқамтылған отбасылар мен балалар үйінің балаларына сыйлық жасап қана қойған жоқ, олар Қарағандыдағы су тасқынынан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек те жинады. Мұқтаж жандарға атаулы көмек ұйымдастырып, ағаштар егіп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты, ардагерлерге қайырымдылық ас ұйымдастырды, балалар үйі тәрбиеленушілеріне конкурс,  әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған тұрғындарға  қолдау көрсету бойынша акция өткізді», - деді Маңғыстау облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» ҚМУ қоғамдық бірлестігінің басшысы Амангүл Жайылханова  конкурсты қорытындылау салтанатында.

Оның айтуынша, қайырымды іс мониторингі көрсетіп отырғандай Маңғыстау облысында бірде-бір этномәдени бірлестік өңірдің әлеуметтік өмірін жақсартуға араласудан тыс қалмаған. Республикалық «20 қайырымды іс» акциясы аясында өңірдің этномәдени бірлестіктері Т73 млн сомаға 75 шара өткізді.  

Облыстың 13 этномәдени бірлестігі марапаттауға ие болды: «Шалом» еврей ЭМБ, «Русское землячество» орыс ЭМБ, «Алан» осетиялық ЭМБ, «Салават» башқұрттық ЭМБ, «Ехпайрутюн» армян ЭМБ, «Вайнах» шешендер мен ингуштардың ЭМБ, «Достлуг» әзірбайжан ЭМБ, «Булгар» татар ЭМБ, «Дагестан» Дагестан халқының МО, «Пахтакор» өзбек ЭМБ, Т.Шевченко ат. украиналық ЭМБ, Қазақстанның корейлер Ассоциациясының Ақтаудағы филиалы, «Ала - ТОО» қырғыз ЭМБ.

Сонымен қатар украиналық, корейлік және қырғыз этномәдени бірлестіктерінің әлеуметтік жобалары Астанада өтетін «Мейірімділіктен-бірлікке» республикалық конкурсына жолданады.

Этномәдени бірлестіктер арасындағы конкурс Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» ҚМУ қоғамдық бірлестігімен өткізілген.  

adimage