Астана. 11 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауда жазушы Әбіш Кекілбаевтың ескерткішін ашты, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапармен барып, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80 жылдық мерейтойы аясында орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлының ерен еңбегі қандай құрметке де лайық екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға деп бағалады.
«Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халқымыздың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз», - деді президент.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған тұңғыш қаламгердің әдебиет әлеміне келгеннен бастап ұлттық сананы сақтау үшін мол үлес қосқанына, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді және төл мәдениетімізді дәріптеп, халқына адал қызмет еткеніне тоқталды. Ұлттық болмыс пен ұлттық рух Ә.Кекілбай шығармашылығының діңгегіне айналғанын айтты.
«Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді»,– деп баға берді Қасым-Жомарт Тоқаев..
Президент мемлекетіміздің жетістіктері қаламгердің ұлт тағдыры туралы мақалаларында толық көрініс тауып, қоғамның шынайы сипатын танытқан Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзі халықтың рухани азығына айналғанын, заңғар жазушының туындыларына тарих пен тәуелсіздіктің арқау болғанын тілге тиек етті.
«Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шексіз, бірегей және әмбебап. Әбіш Кекілбай – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дейді. Әбіш Кекілбайдың шығармалары ғасырдан ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз», - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері екенін, Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор деп атап өтті.
Мемлекет басшысы жазушының еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты.
«Әбіш Кекілбай Тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады», - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы ел мүддесін бәрінен де биік қойған нағыз патриот, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат, барша жұртқа ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен тұлға екенін айта келе, қазіргі қазақстандық патриотизм үш тұғырға негізделуі керек деп санайтынын мәлім етті.
Қазақстан Президенті сөз соңында Әбіш Кекілбайұлының «Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген сөзі әрдайым есімізде тұратынын айтып, жазушының мол мұрасы, өнегелі тағылымы осы мақсатқа қызмет ете беретініне сенім білдірді.
Әбіш Кекілбаев 2015 жылдың 11 желтоқсанында 76 жасында өмірден озды.
Қатысты сілтемелер
-
Түркістанда жолдарды түгендеу және паспорттау қызметіне Т150 млн жұмсамақ28 Наурыз 2024, 17:22
-
ТЖМ Қазақстандағы су тасқыны бойынша жедел ақпарат ұсынуға қауқарсыз болып шықты28 Наурыз 2024, 17:17
-
Ауыр қылмыс жасаған екі күдікті Түркиядан Алматыға жеткізілді28 Наурыз 2024, 17:07
-
Тоқаев ЭЫДҰ бас хатшысымен кездесті28 Наурыз 2024, 16:51
-
Қазақстанда 15 сәуірден жол жүрісі қауіпсіздігі бойынша жаңа жобаның пилоты басталмақ28 Наурыз 2024, 16:34