Ақтауда оқулық сатып алуға Т146,5 млн бөлінді

Ақтау. 28 шілде. ҚазТАГ  Мектептердегі барлық оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін Ақтау бюджетінен Т146,5 млн бөлінді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
«2015 жылы Ақтау білім беру жүйесіне 9,5 млрд теңге бөлінді, бұл Ақтау бюджетінің жалпы көлемінде 44,2%-ды құрады.  Мектептердегі барлық оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін 146,5 миллион теңге бөлінді», - делінген сейсенбі таратылған хабарда.
Бөлінген қаражатқа қалалық жалпы білім беретін мектептердің 2, 4, 5, 6 мен 11 сыныптарына 182 мыңнан астам оқулық сатып алу жоспарланғаны нақтыланады.
Сондай-ақ қала әкімі Серік Тұрымов қалалық мәслихаттың 32-сессиясында сөз сөйлеп тұрып, ағымдағы жылы қаланың орта мектептерінде тағы 46 компьютерлік сыныптың құрылатынын айтты. Осы мақсатқа Т93,7 млн бағыттау жоспарлануда.
«Мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге 2015 жылы 1,1 млрд теңге бөлінді. №№4 және 5 мектептерде жөндеу жұмыстары басталды. №№6 және 23 орта мектептері бойынша байқаулар өткізілуде. Жоспарланған жұмыстардан кейін қалалық орта мектептерге күрделі жөндеу жүргізу көрсеткіші 72%-ға жетеді», - деп атап өтілген хабарда.
Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, оқушылардың жазғы демалысына үлкен мән берілуде.
«Жазғы мерзімде 26 мыңнан аса бала немесе оқушылар жалпы контингентінің 88%-ы демалыспен қамтылатын болады. Қала мектептері оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыруға 49,5 млн теңге бөлінген болатын. Одан өзге, 10 дарынды бала үшін демалыс уақытында Астанада демалу ұйымдастырылады және аз қамтылған жанұядан шыққан 100 бала үшін  Алматыда», - деген қала басшысының дәйексөздерін келтіреді баспасөз қызметі.
Сондай-ақ 265 адам жазғы мезгілде қала аумағын абаттандыру мен тазалау бойынша еңбек жасақтарының жұмысына қатысады. Бұл мақсатқа бюджеттен Т6 млн бөлінген.

adimage