Ақтауда полиция қоқыс үйіндісінен табылған нәрестенің анасын іздестіруде

Күні: 12:06, 29-11-2018.

Ақтау. 29 қараша. ҚазТАГ – Ақтауда полиция қоқыс үйіндісінен табылған сәбидің анасын іздестіруде, деп хабарлады агенттік тілшісі.  
«Аталмыш дерек СТБТ (сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі- ҚазТАГ) адам өлімі бабы бойынша тіркелген.  Полиция қызметкерлері сәбидің  (ер бала – ҚазТАГ) анасын іздестіруге кірісіп кетті. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Анасының кім екені анықталғасын, сараптама қорытындысынан кейін нақты қай бап бойынша қылмыстық іс қозғалатыны  белгілі болады», - деді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.  
Қоқыс шығарушы көлік жүргізушісі Бердәулет Кемаловтың айтуынша, жаңа туылған сәбиді қоқыс үйіндісінен қалдықтарды бөлу кезінде тапқан.  
«Мен қоқыс шығаратын көлік жүргізушісі болып 12 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Өзім баланы көрген жоқпын. Мен кеткеннен кейін маған қалдықтар арасынан баланың шыққанын хабарлады. Оны қалдықтарды бөлу кезінде тапқан.  Бұл әрине, есеңгіретіп тастады», - деді  жүргізуші.
Хабарда нақтыланғандай, тұрмыстық қалдықтар Ақтаудың 11, 13, 16 және 17 ықшамаудандарынан жиналған. Ары қарай арнайы көлік қоқыс үйіндісіне кеткен.  


Жаңалықтармен бөлісу: