Ақтауда өткен бос орындар жәрмеңкесінде білім саласының қызметкерлеріне сұраныс жоғары болды

Ақтау. 10 қазан. ҚазТАГ – Ақтауда өткен бос орындар жәрмеңкесінде білім саласының қызметкерлеріне сұраныс жоғары болды, деп хабарлады агенттік тілшісі.  

Хабарда айтылғандай, бос орындар жәрмеңкесіне 20 компания мен мемлекеттік қызмет мекемелерінің өкілдері қатысты. Олар барлығы 188 бағытты ұсынды. Жәрмеңкеде білім саласы қызметкерлеріне сұраныс жоғары болды. Қазіргі таңда Ақтаудағы балабақшалар мен мектепке 98 маман қажет.

Сонымен қатар, өнеркәсіптік сала 33 маманға зәру, атап айтсақ, электр монтерлер, дәнекерлеушілер, слесарь мамандықтары және т.б. бойынша.  

Ал екінші деңгейлі банктер 16 бос орынды ұсынды. Денсаулық сақтау саласына тоғыз медбике мен санитарлар қажет.
  
«Тамыз айынан бастап әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жаңарту жұмыстары басталды. Аз қамтылған отбасы санатынан шығу үшін аз қамтылған азаматтар әлеуметтік келісім шарт жасай отырып, жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысулары керек. Мүгедектерді қолдау айлығы аясында жәрмеңкеге мүмкіндігі шектеулі еңбекке жарамды азаматтар шақырылды», - деді Ақтаудағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы  Гүлнар Хайрлиева.

Қаланың бас әлеуметтік қызметкерінің ақпарынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет бойынша 500-ден астам бос орын бар.  

Бос орындар жәрмеңкесін облыс және қала әкімдігі ұйымдастырған.

adimage