Ақтау. 21 мамыр. ҚазТАГ – Ақтауда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жылу электр станциясында жұмысшы зардап шекті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Біз орын алған жайтты теріске шығармаймыз. Барлық құзырлы органға хабарладық. Аталмыш жағдай бойынша комиссия құрылды, ол барлық мән-жайды анықтайтын болады», - деп хабарлады «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметінен.
Кәсіпорында хабарлағандай, ер адамды Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізген. Тергеу жүргізілуде.
ТЖ 16 мамырда орын алған. Дәрігерлер зардап шегушіден жақ сүйегінің екі жерден сынғанын анықтаған. Жұмысшының қандай жұмыстар жасағаны нақтыланбаған.
Куәгерлердің айтуынша, зардап шегуші үзіліп кеткен құралдың бөлшегінен жарақат алған. Белгілі болғандай, комбинаттағы барлық құрал-жабдықтың 70%-ы ескірген.
Ақтаудағы жылу электр станциясында жұмысшы зардап шекті
