«Ақжайық» футболшылары президентке үндеу жолдады, енді қазақстандықтар ерікті түрде несиеден мүлдем бас тарта алады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 16 қыркүйек. ҚазТАГ – «Ақжайық» футболшылары президентке үндеу жолдады, енді қазақстандықтар ерікті түрде несиеден мүлдем бас тарта алады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Енді ерікті түрде несиеден мүлдем бас тартуға болады

Қазақстан азаматтары eGov.kz порталында банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан шексіз уақытқа өз еркімен бас тарта алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.

Бұған дейін сервис алты ай мерзімге ғана несиеден бас тартуға мүмкіндік беретін.

«Өтінімді азаматтың өзі ғана бере алады. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Ол үшін eGov.kz порталында қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет», - делінген хабарламада.

Катонқарағай және Зайсан аудандарына әуежай салынбақ.

Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежай салынатын жер таңдалды. Әуежайлардың ұшу-қону жолағының ұзындығы кемінде 2 000 метр болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2025 жылдың соңына қарай аяқталады. Қазір жергілікті атқарушы органдар тиісті жер алқабын бөлу жағын қарастырып жатыр. Катонқарағай ауданы бойынша жер учаскесі Солдатово ауылының маңынан таңдалды. Зайсан ауданы бойынша бұрынғы әскери аэродром орны қолайлы саналды», - дейді басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Акрамов.

Әуежайлар құрылысына қанша қаражат жұмсалатыны әлі белгісіз.

«Қаңтардан бері айлық алмадық»: «Ақжайық» футболшылары президентке үндеу жолдады

Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» футбол клубының президенті Гүлдария Бекенқызы және клуб қызметкерлері, футболшылар мемлекет басшысына үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев! Ақжайық» футбол клубы Батыс Қазақстанда орналасқан жалғыз ғана кәсіби клуб. Қазіргі таңда негізгі құрамның ойыншылары, сонымен қатар көптеген жастар және жасөспірім футболшылар бар. Бүгінде қаржылық қиындыққа тап болған клубтың мәселесін облыс көлемінде облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің, спорт басқармасының қабылдауында болсақ та, қаржылық мәселеге шешілмеуіне байланысты «Ақжайықтың» ертеңгі тағдыры бізді алаңдатып отыр. Бұл деген «Ақжайық» қызметкерлері 9 айдан бері жалақысын ала алмай, жұмысымызға үлкен кедергі болды», – деді футбол клубының басшысы.

Клуб басшысының сөзін әріптестері де қолдады.

«Құрметті президент, бізге көңіл аударуыңызды сұраймыз! Қаңтардан бері айлық ала алмай жүрміз», – деді «Ақжайық» футбол командасының мүшелері.

Су тасқыны: СҚО-да үйлердің құрылысы толық аяқталды

Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысы толық аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 1394 үй сатып алынып, 1899 үй күрделі жөндеуден өткен. Петропавлда 700 үй салынып, жаңа «Бірлік» шағын ауданын құрылады. Бүгінде онда тағы 173 үйдің құрылысы аяқталды.

«Тұрғындарға төзімділік танытқаны үшін және аймақты қалпына келтіруге атсалысқан барлық бизнес өкілдеріне алғыс айтқым келеді. Сіздерсіз біз мұндай ауқымды құрылысты 3,5 айда бітіре алмас едік», - деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баспана кілттерін салтанатты табыстау рәсімінде.

Фото көзі: pixabay.com


adimage