Актер және продюсер Арман Асенов «Қазақфильм» басшысы болып тағайындалды

Алматы. 12 тамыз. ҚазТАГ – Динара Халдарова. Актер және продюсер Арман Асенов Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» басшысы болып тағайындалды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Бүгін ертеңгісін Нұр-Сұлтаннан ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов келіп, ұжымға «Қазақфильм» киностудиясының жаңа президентін таныстырды. Ол Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, актер, продюсер Арман Асенов болды», - деді дүйсенбіде «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің бас менеджері Бауыржан Үсенов.
Бұл қызметте Асенов Бақыт Қайырбековтың орнына келді. Ол «Қазақфильм» АҚ президенті қызметінен 9 тамызда кеткен болатын. Қайырбеков аталмыш қызметте 2015 жылдан бері жұмыс жасап келген еді.
«Ол (Қайырбеков – ҚазТАГ) да барлық ұжымын жинап, алғысын білдіріп, енді өзінің шығармашылығымен айналысатынын айтқан болатын», - деді Үсенов.
47-жасар Арман Асенов 2014-2015 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірінші вице-президенті, 2015-2016 жылдары «Қазақ Елі» бірінші Ұлттық киносериалының бас продюсері қызметтерін атқарған.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін 2017 жылдың 6 қаңтарынан бастап «Республика Сарайы» ЖШС директоры болған.

adimage