Акция басталғалы бір де қазақстандық өзінің шетелдегі жылжымайтын мүлкін заңдастырған жоқ

Күні: 16:36, 13-10-2014.

Алматы. 13 қазан. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Мүліктерін заңдастыру акциясы 5 қыркүйекте басталғалы бір де қазақстандық шетелдегі үйлерін заңдастырған жоқ, деп мәлім етті ақпаратқа қанық дерек көзі.
Бұл ретте ол қалалық салық департаменті шетелге қазақстандық азаматтардың жылжымайтын мүліктері бар-жоқтығы туралы сұрау салғанын айтты.
«Алматы салықшылары жаппай декларациялау бойынша жобаның басталуына дайындық шараларына кірісті және шетелдік әріптестерінен қазақстандықтарға тиесілі жылжымайтын мүліктерінің бар-жоқтығы туралы мәліметтер сұрастыра бастады. Егер жекелеген сарапшылардың, оның ішінде шетелдік мамандардың да мәліметтеріне негіздесек, қазақстандықтар шетелде көптеген капиталын жылжымайтын мүлікке салып отыр. Мысалы, БАӘ, Түркия, Испания, Англия, Болгария, Латвия, Ұлыбритания сынды елдерде қазақстандықтардың жылжымайтын мүлікке салған инвестициялары РФ мен Украиналықтардан кем соқпайды», - деді ол.  
Бұл ретте ол алынған мәліметтер нақты кіріс мөлшерін көрсете алады деді.
«Осындай алынған мәліметтерден біздің отандастарымыздың «табан ақы, маңдай терімен» тапқан табыстарының мөлшерін нақты анықтау оңай болады және заңдастырған мүліктері мен шетелдегі капиталының айырмашылығын да анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жерде мемлекеттің ойы түсінікті: «егер сенікі болса – заңдастыр, сосын тыныш ұйықтай бер», яғни, заңдастыру арқылы сен мемлекеттен аталған мүлікке деген өзіңнің заңды құқығыңды аласың», - деді ол.
Өз кезегінде Алматы салық департаментінде капитал қозғалысына талдама жасап отырғанын растады.
«Мүлкін заңдастыру ерікті жүргізілетін акция. Бірақ біз азаматтарға заңдастыру акциясының аясында өздерінің мүліктерін заңдастыруын түсіндіріп жатырмыз», - деп түсіндірді департаменттен.


Жаңалықтармен бөлісу: