Акция басталғалы ОҚО тұрғындары мүлікті жариялауға 133 өтініш берді

Күні: 18:46, 23-10-2014.

Шымкент. 23 қазан. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары мүлікті жария ету акциясы басталғалы 133 өтініш берді, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
«Бүгінгі таңға дейін облыс тұрғындарынан мүлікті жария ету жөнінде 133 өтініштер келіп түсті, осы өтініштер бойынша 11 азаматтың 50,0 млн.теңгені құрайтын мүліктері жария етілді», - делінген облыс әкімшілігінің сайтында бейсенбі күні жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, мүлікті жария ету мемлекетке де халыққа да, тиімді. Мемлекет үшін «көлеңкелі экономиканың» үлесін азайтып, салық салу базасын кеңейту болса, ал халық үшін ешбір айыппұлдарсыз өз мүліктерін заңдастыру. Сондай-ақ бұл алдағы уақытта енгізілетін жалпыға бірдей кірістер мен мүліктерді декларациялауға дайындық жүргізу болып табылады. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі 28 ұйымды және «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның құрамындағы 5 ұйымды бәсекелестік ортаға беру туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында «Ордабасы» кәсіби футбол клубы» АҚ-ы, «Қыран» футбол клубы МКҚК, «ЛТД Тұрмыс», «Спорт сарайы», «Шымкент жасыл қала», «Тұран құрылыс» ЖШС-тері және т.б. бар. Сондай-ақ облыс бойынша жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі 28 ұйымның 6-ы – 2014 жылы, 8-і – 2015 жылы және 14-і – 2016 жылы жекешелендіріледі деп жоспарланып отыр. Осы ұйымдардың 19-ы квазимемлекеттік сектордағы ұйымдар болып табылады, деп мәлімдеме жасады.


Жаңалықтармен бөлісу: