Алғаш рет Қазақстанда Halyk Bank Samsung Pay төлем сервисін іске қосты

Алматы. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Алғаш рет Қазақстанда Halyk Bank Samsung Pay төлем сервисін іске қосты, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Алғаш рет Қазақстанда Halyk Bank пен Samsung Electronics компаниясы 21 қаңтардан бастап танымал Samsung Pay төлем сервисінің ашық бета тестілеуін іске қосты. Қарапайым, ыңғайлы және қауіпсіз Samsung Pay мобильді төлем сервисі байланыссыз төлемді қабылдайтын кез келген терминалда смартфоннан тікелей (немесе Samsung смарт сағатынан) тауарлар мен қызметтерге төлем жасауға мүмкіндік береді», - делінген кредиттік мекеменің баспасөз қызметінің хабарында.
Сервисті іске қосу үшін банк арнайы бонустық акция жариялады - Halyk Bank картасымен Samsung Pay төлеміне 10% бонус.
Хабарда атап өтілгендей, қазірдің өзінде банк клиенттері республикада бірінші және бірегей болып Samsung Pay қосымшасын қондырып, Halyk Bank-тен Visa немесе MasterCard карталарын іске қоса алады.
«Ол үшін (https://halykbank.kz/samsung) сілтемесімен банк сайтына өтіп, толық нұсқаулықпен танысу керек. Сервис 2015 жылғы Galaxy S6-тен бастап барлық заманауи NFC модулі бар Samsung смартфондары үшін қолжетімді», - делінген хабарда.
«Сонымен қатар сервис мүлде қауіпсіз. Samsung Pay-дегі барлық төлем карталарының ақпараты сенімді қорғалған. Сервисте сенімді үш деңгейлі қорғаныс жүзеге асырылған, ол төлем операцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді: әр сатып алу үшін қажет саусақ ізі бойынша авторизация жасау, токенизация және Samsung KNOX», - делінген хабарда.
Halyk Bank басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, «жаңа коммуникациялық және банктік технологиялардың арқасында қолма-қолсыз төлем нарығы елімізде соңғы кездері айтарлықтай өсті». «Бұл ретте сервис трендте, ол біздің бизнес процестерді ары қарай цифрландыруға бағамды дамытуда. Бұл қазірдің өзінде дүкендерде, кафелерде, қоғамдық көлікте және тіпті eGov порталындағы мемлекеттік қызметке де төлем жасау барысында қолданылатын QR-төлемдері мен Apple Pay секілді Halyk Bank төлем сервистерінің мүмкіндігіне тағы бір айтарлықтай қосымша», - деді Үміт Шаяхметова.
Еске салсақ, Samsung KNOX – смартфонды зиянды шабуылдан қорғайтын және смартфондағы болуы мүмкін осал тұстарын үздіксіз бақылайтын қауіпсіздіктің орнатылған жүйесі. Ол смартфонда операциялық жүйеден бөлек Samsung KNOX ішіндегі қорғалған контейнерде мұқамдалған түрде банк картасының мәліметтерінің сенімді сақталуын қамтамасыз етеді. Иесі туралы және басқа да мәліметтер телефонда немесе корпорация серверінде сақталмайды, тиісінше, терең құпияда сақталады.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ Қазақстан Республикасындағы ірі коммерциялық банк болып табылады, ол нарықта 95 жылдан астам уақыт жұмыс жасап келеді және негізгі көрсеткіштер бойынша елімізде көш бастап тұр. Банк өз клиенттеріне қызметтердің үлкен ауқымын ұсынатын (банктік қызмет, сақтандыру, лизинг, брокерлік қызмет, активтерді басқару, инкассация және басқа) Halyk тобыне кіреді. Банк сонымен қатар өз операцияларын Ресейде, Грузияда, Қырғызстанда, Тәжікстан мен Өзбекстанда да жүзеге асырады. Банк рейтингтері: Moody’s – Ba1, Standard & Poor’s – BB, және Fitch Ratings – BB+ (Қазақстан банктері арасында жоғары).
Samsung Pay - Samsung Electronics әзірлеген мобильді төлем қызметі, ол қолданушыларға осы қосымшаны қолдана алатын телефондар және компанияның басқа техникасын пайдалана отырып, төлемдер жасауға мүмкіндік береді. Сервис тек қана NFC төлемін қолданып қана қоймайды, сонымен қатар магнитті жолағы бар карталар қолданылатын терминалдардың көмегімен төлем жасауға мүмкіндік беретін электромагнитті беру технологиясын (MST) қолдана отырып, төлем жасайды.

adimage