Алдағы бес күнде ШҚО-да қар көшкінінің жүру қаупі күтілуде

Алматы. 23 қаңтар. ҚазТАГ – Алдағы бес күнде Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар көшкінінің жүру қаупі күтілуде, деп хабарлады өңірдегі ТЖД баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы қаңтардың 22-27 аралығында Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында қар көшкіні жүруі мүмкін», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Құтқарушылардың айтуынша, «Өскемен-Северное», «Өскемен-Самар», «Өскемен-Зырян», «Сөгір-Бесүй», «Берел-Рахман» қайнары (Қатон-Қарағай ауданы), «Лениногорск - Чекмар» кеніші және басқа да бірқатар бағыттағы жолдарда көшкін түсетін бөліктер көп.
«Қар көшкіні қаупі туындағаннан бері (2018 жылдың қарашасынан бастап) ШҚО «Қазселденқорғау» ММ 24-рет қарды профилактикалық түсіру жұмыстарын жүргізді, 52400 текше метр қар түсірілді. Қазіргі таңда қар көшкіні қаупі төніп тұрған жерлерде қардың 30 сантиметрден 1,3 метрге дейін жиналып қалуы байқалуда. «Қазселденқорғау» мамандары таулардағы қар жамылғысымен қардың көшуін үнемі бақылауда ұстап отыр», - деп атап өтті ТЖД-де.
Құтқарушылар еске салғандай, қалың қар жауғаннан кейін, аяздан кейінгі күннің жылынуынан соң, қатты екпінді желден кейін үш-бес күн ішінде қар көшкіні қаупі туады.
«Нақ осы ауа райы жағдайлары 2019 жылғы 9 қаңтардағы Өскемен–Горная Ульбинка–Северное көлік жолына қарай қар көшкінінің орын алуына себеп болған. ШҚО «Қазселденқорғау» ММ мамандары азаматтарға қала сыртына шыққан кезде және қар көшкіні жүру қаупі бар жерлердің маңынан өткенде қауіпсіздік ережесін сақтауды ұсынады», - делінген хабарда.

adimage