Алдағы екі тәулікте Нұр-Сұлтанда және бірқатар облыстарда дауылды ескерту жарияланды

Күні: 17:18, 29-04-2019.

Астана. 29 сәуір. ҚазТАГ – Алдағы екі тәулікке Нұр-Сұлтанда және бірқатар облыстарда дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«29 сәуірде күннің екінші жартысында, тәулік бойы 30 сәуірде Қостанай, 30 сәуірде Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында, күндіз 30 сәуірде, тәулік бойы 1 мамырда Павлодар, Қарағанды облыстарында, 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысында, жауын-шашын (жаңбыр, қар), кей жерлерде найзағай, көктайғақ, жаяу бұрқасын, дауыл, бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан cоғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады, күші кей жерлерде 15-20, екпіні 23-28 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 0-5, кей жерлерде 8 градус аяз, күндіз 0-5, кей жерлерде 8 градус жылыға дейін төмендейді», - делінген дүйсенбіде таратылған дауылды ескертуде.
30 сәуірде Ақтөбе облысының кей жерлерінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман күтіледі. Солтүстіктен соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 0-5 градус аязға дейін төмендейді.
«Нұр-Сұлтан қ.: күндіз 30 сәуірде жауын-шашын (жаңбыр, қар), найзағай, көктайғақ, бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы күндіз 0-2 градус жылыға дейін төмендейді. Дауылды ескертудің ықтималдығы 90-95%», - деді синоптиктер.


Жаңалықтармен бөлісу: