Алдағы үш күнде Қазақстанның орталығы мен шығысында күн суытады деп күтілуде

Астана. 25 қыркүйек. ҚазТАГ – 26-28 қыркүйекте Қазақстанның орталығы мен шығысында күн суытады деп күтілуде, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«Қазақстанның батысы мен солтүстігінде түнгі үсікке себепші болған суық антициклон шығыс бағытқа жылжуда. Алдағы үш тәулікте республиканың орталығы мен шығысында ауа температурасы төмендеп, үсік жүреді», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Болжамға сәйкес, Орал аудандарынан кезекті суық фронт ығысып келе жатыр. Соның әсерінен республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болады. Күшті екпінді жел тұрып, солтүстік облыстарда жаңбыр жылбысқы қарға ауысады.
«Егер өткен үш тәулікте ауа температурасы оңтүстікте, орталық пен шығыста қалыпты нормадан 3…6°С жоғары болса, сенбі күні нормаға жақындайды. Ал жексенбі күні барлық өңірлерде ауа температурасы нормадан 3…8°С төмен болады», - деді синоптиктер.

adimage