Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Алдағы үш күнде ҚР басым бөлігінде жауын-шашынсыз салқын ауа райы күтіледі, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«Алдағы үш тәулікте антициклонның ықпалымен Қазақстан аумағының басым бөлігінде суық және жауын-шашынсыз ауа райы болады. Бірақ, 15 қарашада күндіз ауа температурасы аздап жоғарылауы мүмкін», - делінген 13-15 қарашада дүйсенбіде таратылған ауа райы болжамында.
Синоптиктер түсіндіргендей, Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстік аудандарынан Қазақстанға жылжыған ауқымды және күшті антициклон республиканың барлық аймағын айтарлықтай суытты.
«Жексенбі күні ауа температурасы осы маусымдағы қалыпты күн райынан 3...8°С төмен болды, ал солтүстік және шығыс облыстарда 10...15°С төмендеді. Тек қиыр оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жылы болды. Бірақ, антициклонның шығысқа ауысуы мен суықтың келуіне байланысты осы аудандарда да алдағы тәуліктерде айтарлықтай суық болуы мүмкін», - деп атап өтті гидрометеорологтар.
Сондай-ақ, «Қазгидромет» РМК Қазақстандағы екі облыс бойынша дауылды ескерту таратты.
«12 қарашада Маңғыстау облысының кей жерлерінде бұрқасын, көктайғақ болады. Дауылдың ықтималдылығы 90-95 %. 12 қараша күндіз, 13 қарашада тәулік бойы Түркістан облысының кей жерлерінде шығыстан жылдамдығы 15-20, екпіні 23-28 м/с болатын жел соғады. Дауылдың ықтималдылығы 90-95 %»,- делінген хабарда.
Алдағы үш күнде ҚР басым бөлігінде жауын-шашынсыз салқын ауа райы күтіледі
