Алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым облыстарында қатты аяз сақталады

Күні: 14:56, 26-12-2018.

Астана. 26 желтоқсан. ҚазТАГ – 27-29 желтоқсан аралығында Қазақстанның басым облыстарында қатты аяз сақталады, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«Қазақстанға аномальді аяз әкелген сібір антициклоны республиканың көптеген облыстарының ауа райына әсерін жалғастыратын болады. Алдағы тәулікте, әсіресе түнде қатты аяз сақталады», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Бірақ батыс облыстарына циклон және атмосфералық фронттармен байланысты жылы және ылғал ауа массалары ене бастады.
«Осы циклонның шығыс бағытта жылжуымен кей жерлерде қар жауып, бұрқасын, көктайғақ болып, оңтүстік-батыстан қатты жел тұрады, аяздың беті қайтып, температура біртіндеп жоғарылайды», - деп атап өтті синоптиктер.


Жаңалықтармен бөлісу: