Александр МАШКЕВИЧ: МЕН ENRC-ДАҒЫ АКЦИЯЛАРЫМДЫ ЕШКІМГЕ ДЕ САТЫП ЖАТҚАН ЖОҚПЫН

 

Астана. 13 қырқүйек. ҚазТАГ – Ирина Нос. Соңғы уақытта қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының беттері ENRC корпорациясының негізгі акционерлерінің бірі Александр Машкевичтің бизнесінің болашағы туралы түрлі жаңалықтарға толы. Әлемдік экономикалық истеблишменттің Лондон биржасында листингке ие болған қазақстандық аз компаниялардың біріне аяқ астынан соншалықты қызығушылық таныту себебін RIXOS President Astana қонақ үйіндегі кездесуде А.Машкевичтен сұрадық.

 

- Александр Антонович, қазақстандық және ресейлік БАҚ-тардың ENRC-дегі үлесіңізді Glencore компаниясына сатуыңыз мүмкін екендігі туралы ақпаратын қалай түсіндіресіз?

 

- Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Акцияларымның пакетін Glencore компаниясына сататыным туралы да, жалпы акцияларымды сататыным туралы ақпарат та. Тағы бір баса айтамын: ENRC-дегі акциялар пакетін сатпақ жоспарым жоқ. Мен бұл бизнестің (ENRC – ҚазТАГ) негізін қалауға белсенді қатысқанымды мақтаныш етемін және компаниямен жұмысымды ары қарай жалғастыратынымды мәлімдеймін.

Мен ENRC-ді керемет компания деп есептеймін. Ең алдымен, мен оны қазақстандық табыстың үлгісі деп атар едім. Корпорацияның шексіз әлеуеті бар!Және бұған менің тікелей қатысымның барына мақтанамын. Бұл компаниядан кетпек ойым да жоқ. Бұл, біріншіден. Екіншіден, Қазақстан – менің өмірімнің бір бөлігі, осында жұмыс істегенімен 20 жыл болды. Республиканың табыстарына менің де қатысымның барын мақтан етемін.

 

- БАҚ-тағы ақпаратты жаман ниетті деп атамайсыз ба?

 

- Жоқ. Мен мұндай алып-қашпа сөз екі фактордың нәтижесі деп ойлаймын. Біріншіден, бұл менің жақында қолға алған бизнес активтерімді қайта құрылымдау шаралары, мен бұл туралы қуана айтып берер едім. Екіншіден, бұл компанияның ENRC директорлар кеңесін қысқарту мен қайта құрылымдау мақсатында жүргізіп жатқан жұмыс.

 

- Сонда неліктен сіз бұрыннан түсініктеме бермей келдіңіз?

 

- Мен акцияларымды сататыным туралы ақпарат пен мақалалар шындыққа сәйкес келмегендіктен, оларға назар аудармай келдім. Бірақ қазақстандық және шетелдік БАҚ-тарда бұл тақырып тыйылмай отырғандықтан, тіпті оған тағы бірдеңелерді қосып жатқандықтан, мен сізбен кездесу керек деп таптым.

 

- Сіз, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов кіретін «үштік» аразданып қалды деген мәліметке не дейсіз?

 

- Ешқандай араздық жоқ. Біз ENRC, Еуразиялық банктің, Еуразиялық қаржы корпорациясының және тағы біраз компанияның тең құрылтайшылары және акционерлері болып табыламыз. Біз баяғыдан бері әріптес және әлі күнге дейін доспысз. Біз әлі көп жылдар бірге жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, біздің арамызда араздық жоқ. Ортақ мүдделерімізді көздейтін мәселелерді жүйелі түрде талқылап тұрамыз. Мүмкін біреулер бізді «сиам» егіздері сияқты бір-біріне «сіңісіп кеткен» деп ойлайтын шығар. Сіз де сұрағыңызды сол тұрғыдан қойып отырсыз ғой (күледі). Бұл олай емес. Біз кейбір мәселелер бойынша тығыз әрі үйлесімді түрде араласамыз, бірақ әрқайсысымыздың жеке бизнесі, басқаларының қатысы жоқ мүдделері бар.

 

- Сіздің қазір ENRCакцияларының пакетін өз атыңыздан өз компанияларыңыздың атына аударып жатқаныңыз рас па?

 

- Иә, бұл солай. Қайта құрылымдау жүргізіліп жатыр. Бұл қадамды көптеген БАҚ қате түсініп, түрлі болжамдардың айтылуына алып келді. Сарапшылар мен болжам жасаушылардың өздерін де, басқаларды да қателестіргені өкінішті. Бұл ENRC шеңберіндегі бизнеске де, мен акционері болып табылатын басқа компанияларға еш әсер етпейді.

ENRC (14,59%) акцияларының пакеті атына аударылатын компанияның, заңды тұлғаның 100% акцияларының иесі де өзім. Мен мұны өзімнің активтерімді қайта үлестіру мақсатында, оларды басқаруды оңайлату үшін және кәсіби сарапшылармен кеңесе отырып жасап жатырмын, әлемдегі бизнесмендердің бәрі осылай жасайды.

Іс жүзінде бұл техникалық мәселе және ол менің ENRC-ден кетпек ниетімді білдірмейді. 

 

- Александр Антонович, британдық баспасөздің хабарлауынша, Біріккен Корольдікте сіз туралы қарама-қайшы пікір қалыптасқан. Ұлыбританияның сіз туралы көзқарасын өзгертуіне екі тәуелсіз атқарушы емес директорды жұмыстан босату, оларды ENRC директорлар кеңесінің құрамынан шығару туралы шешіміңіз болды. Бұл шешіміңізге өкінбейсіз бе?

 

- Мүлдем өкінбеймін. Түсіндіре кетейін. Біздің ортақ пікірімізше, ENRC-дің директорлар кеңесі дисфункциональды болды. Оның бұрынғы құрамдағы қызметінің нәтижесі ретінде акциялардың дисконтпен саудаланғанын, әлі де солай саудаланып жатқанын айта аламын. ENRC сияқты әлеуеті бар компания үшін мұндайға жол беруге болмайды.

ENRC-дің директорлар кеңесі әрбір тәуелсіз директор компанияның гүлденуіне көбірек пайда әкелетіндей қысқартылып, қайта құрылымдануға тиіс. Мен бірнеше айдан бері осыны айтып келемін.

Жыл сайынғы жалпы жиналыстан кейін компания Ұлыбританиядағы корпоративті басқарудың үздік тәжірибесіне сәйкес келетін басқаруды қамтамасыз ете алатын тиімді құрылым құру мақсатымен өзінің корпоративті басқаруын мұқият зерттей бастады.

Біз, компанияның құрылтайшылары осыны талап етеміз. Жалпы талдау мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Компания талдаудың нәтижесін қырқүйек айында жариялайды.

Мені қабылданған шешімді талқылау кезінде британдық БАҚ-та пайда болған, қателіктер мен қате түсініктерге толы пікірталастың көп болғаны ғана өкіндіреді. Екі директорды жұмыстан босатқаныма еш өкінбеймін.  

 

- Сіздің БАҚ-таңы ENRC директорлар кеңесін басқаруды көздеп отырғаныңыз туралы ақпаратқа не дейсіз?

 

- Мен бұл сұрағыңызға түсініктеме бере алмаймын. Оны ENRC басшылығына қойғаныңыз дұрыс.

 

- ENRC директорлар кеңесіне қосылу мақсатымен Ұлыбританияның листинг бойынша басқармасына өтініш бермек ойыңыз бар ма?

 

- Бұл мәселе бойынша да түсініктеме беруге құқығым жоқ. Біріккен Корольдіктегі корпоративті басқару қағидалары қоятын талаптар осындай. ENRC басшылығының мәлімдемесін күтейік.

 

- Александр Антонович, ENRC акционерлерінің соңғы кезде Қазақстанға сирек келіп, шараларға сирек қатысып, баспасөзбен сирек қатынасатындарының себебін айта аласыз ба?

 

- Қазақстанда сирек болады дейсіз бе? Олай емес. ENRC мен Еуразиялық банкті құру кезінде мен және менің әріптестерім бизнесті өзіміз жүргіздік, бұл біздің күделікті түрде осында болуымызды талап етті. Және сол уақытта біз БАҚ өкілдерімен шынымен де жиі араласқан шығармыз...

Бүгінгі күні екі компания да нарықтың ірі ойыншылары болып, халықаралық деңгейге шығып отырғанда, біз басқаруды жоғары білікті кәсіпқойларға тапсырдық. Дегенмен, біз активтеріміздің дамуына инвестиция құюды жалғастырудамыз және компаниялардың стратегиялық дамуына белсенді түрде қатысып отырмыз. Бұл Қазақстанға келуді талап етсе, біз осы жерден табыламыз.

 

- Аты шулы Мұхтар Әблязов сіз инвестор және кәсіпкер ретінде елдің саяси болашағына сенбейтіндіктен, Қазақстаннан кетуді ойластырып жүр дейді. Сіздің ондай жоспарыңыз бар ма?

 

- Ол ойына келгенін айта берсін. Жалған сөз. Мен үшін инвестор және кәсіпкер ретінде Орталық Азия аймағындағы экономикалық дамудың көшбасшысы болып отырған Қазақстаннан кету қажеттілігі жоқ. Мемлекет әсер етерлік экономикалық даму көрсетіп, Қазақстан тұрақтылықтың мысалы болып отыр.

Республиканың мұндай табысының басты негізі оның басшылығының саяси даналығында, көрегендігі мен батылдығында жатыр. Мен президент Назарбаев тәуелсіздіктің 20 жылында елді сәтті басқарып келеді деп есептеймін. Ол Қазақстан әлемдік экономикалық сілкіністер кезінде тұрақтылығын сақтай алатынын ғана емес, одан артығы, республика халықаралық аренада маңызды роль атқарып отырғанын көрсетті.

 

- Демек, сіз Қазақстандағы жұмысыңызды жалғастырам дегеніңіз ғой. Алайда ресейлік «КоммерсантЪ» газетінде және бірқатар қазақстандық қаржы-ақпараттық вебсайттарда Еуразиялық банк 2012 жылы сатылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл рас па?

 

- Жоқ, олай емес. «Еуразиялық банк» басқармасының бірінші орынбасары Заин Маджидулла мырза бұл болжамды жоққа шығарды.

Біз банкті 1994 жылы құрдық, ал «Еуразиялық банк сатылуы мүмкін» деген сөз осымен 17 жыл бойы айтылып келеді (күледі). Біз бұл банкті мақтан тұтамыз, ол дағдарыс кезінде өзінің беріктігін көрсетті. Мен банктің негізгі қаржысын өз жобаларын жүзеге асыруға бөлуді акционерлердің қателігі деп айтатынмын. Мұндай сөзіме тіпті банк қоғамдастығы да ренжитін.

Бірақ дағдарыс бәрін көрсетіп берді. Еуразиялық банк бір де бір клиентінен айырылған жоқ, банктің халықаралық қарыздары жоқ, ол жоғары бағаланады. Ал банктерді әдетте бағасы арзандағанда сататыны белгілі ғой. Мысалы, ресейлік «Сбербанк» жақында Польшадан бір активті капиталдандырудан төмен бағаға сатып алды …

 

- Сізден әлем экономикасының дамуына қатысты орта немесе ұзақ мерзімді болжам алуға бола ма? Кейбір сарапшылар дағдарыстың жаңа толқыны болады деп отыр. Сіз бұған қатысты не айтасыз?

 

- Қазір болжам айту қиын, бірақ дағдарыс болады деп те айтпаймын. Иә, Еуропаның қазір қиын жағдайда екені рас, бұрын банктер дефолт туралы жарияласа, енді бұл сөзді тұтастай бір елдерге қатысты ести бастадық. Бірақ Еуроодақ Грекияның дефолтына жол бере алмайды деп есептеймін. Еурооблигациялар шығарылады, ЕО-ның резервтері бар деп ойлаймын.

Әлемдік нарықтардың құбылмалылығына қарамастан, Қытай, Үндістан, басқа да, дамушы елдердің, соның ішінде Қазақстанның нарықтары дамып отырғанына куәміз. Сондықтан біздің ұзақ мерзімді болжамымыз оң мәнге ие.

 

 

Анықтама. Eurasian Natural Resources Corporation PLC хром, марганец және темір кендерін өндірумен және қайта өңдеумен; ферроқорытпаларды балқытумен; алюминий тотығын алу үшін, алюминий өндірісі үшін бокситтерді өндірумен және қайта өңдеумен, мыс және кобальт өндірісімен; көмір өндірумен, электр қуатын өндірумен, өнімді тасымалдаумен және сатумен айналысады.

Топтың өндірістік активтері негізінен Қазақстанда орналасқан, Bahia Minerals BV кәсіпорнында (BML, Бразилияда темір кенін барлау жобасы), Ресейде Серов ферроқорытпа зауытына, Қытайда Xinjiang Tuoli Taihang Ferroalloy Company 50% иелік етеді. Негізінен Африкада орналасқан мыс пен кобальт өндірісіндегі активтері бар - Central African Mining and Exploration Company (CAMEC) және Chambishi Metals Plc.

Корпорация алдағы 5 жылда Қазақстандағы активтерін дамытуға $6 млрд инвестициялауды жоспарлап отыр. Ақтөбеде жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы жалғасып, ССТҚБ-де металданған өнім өндірісі бойынша зауыт салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Акционерлері - «Қазақмыс» корпорациясы (26%), А. Машкевич (14,59%), Алиджан Ибрагимов (14,59%), Патох Шодиев (14,59%), ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (11,7%), бірқатар институционалды инвесторлар мен компаниялар.


adimage