Алмагүл Әбілдинова: Қазақстанда қоғамдық тамақтандыру саласындағы компаниялардың тек 40-шақтысында ғана халал сертификаты бар

Алматы. 3 мамыр. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстандық кәсіпорындар «халал» таңбасын пайдаланғалы көп уақыт болды. Бірақ ол таңба шынымен де өнім діни стандарттарға сай келетінін білдірмейді. Неліктен қолдан жасалған тағамдардан сақ болу керектігі туралы ҚазТАГ агенттігіне Қазақстан діни басқармасының жанындағы «Халал Даму» ЖШС сарапшысы Алмагүл Әбілдинова айтып берді.


- Халал – дегеніміз таза діни ұғым ба, әлде қандай да нақты стандарттары бар ма?


- Халал-стандарттар барлық мемлекеттерде – діни стандарттар. Шын мәнісінде әр әріп, әр сөз – фетва, онда қандай да шешім діни тұрғыда қаншалықты заңды екендігі, шошқа етіне рұқсат бар ма, алкогольдік ішімдік, арам өлген мал етіне рұқсат бар ма, тиым салынатындығы туралы айтылады. Ал фетваны әр мемлекетте тек Мұсылмандар діни басқармасы ғана береді.
Қазақстан діни басқармасы осы міндетті өз мойнына алды, себебі тағамдарды орталықтан тексеру керектігі туралы өтініш пен шағымдар келіп түсті. Біздің басшылық Малайзияға, Араб Эмираттарына, Татарстанға барып, осы саладағы жұмыс туралы тәжірибе алмасты. Бізде ханафия мазхабын ескере отырып, өз стандартымыз жасалды.


- Ал қазір қанша компания қоғамдық тамақтану саласында сіздердің сертификаттарыңызды алды?


- Бір жарым жылда Қазақстан бойынша 40-шақты компания діни басқармадан сертификат алды.


- Сертификаттау қанша уақыт алады?


- Қандай кәсіпорын екендігіне байланысты. Компания бізге өтініш береді, ал біз келісімге отырамыз. Одан кейін біз кәсіпорынды толығымен тексереміз, тағамдағы құрамдас бөліктерді және қоспаларды, 10 күн бойына зертханалық тексерулер жүргіземіз, одан соң біз тренинг өткіземіз – кәсіпорында қанша адам болмасын. Біз адам санына байланысты төлесін деген міндет қоймаймыз, бір адам болсын, 500 адам болсын – бәрібір. Тіпті техникалық персонал да адамдарды жаңылыстыруы мүмкін, сондықтан біз мейлінше көп қызметкерлердің оқудан өтуін сұраймыз. Біздің тренинг өте көркем, бейнематериалдармен, малды қалай сою керек, қалай соймау керектігі, суға қатысты, ГМО туралы, көптеген қызықты фильмдер бар.


- Сертификат алу қаншалықты қымбат?


- Бізде сертификаттау тегін, біз сертификатты сатпаймыз. Компания консальтингі, оқу, тренингі үшін азғана ақы төлейді, тағы контролерлер ең аз ақы алады. Ақы төленетін жалғыз нәрсе – зертханалық тексерулер ғана. Компания тікелей зертханаларға төлейді, біз олардан түк те көрмейміз.



- Кейін стандарттардың сақталуы бақыланып отыра ма, әлде бұл бір рет қана болатын акция ма?


- Имамдар сарапшылар ретінде оқудан өтеді, және инспекциялық бақылаушылар болады. Әр кәсіпорында айына 2-3 рет инспекциялық тексеру өтеді. Алматыда барлық аудандарда оқудан өткен, үйретілген бақылаушы-имамдар бар. Олар барлығын бақылап және реттей алады.
Қазір біз осы жұмысты Қазақстанның барлық аймақтарында жүргізе бастадық. Барлық қалаларда біздің өкілдіктеріміз бар, сарапшы-имамдар кәсіпорындарға барып, халал стандарттары бұзылмауына, құрамын тексеруде өндіріс үдерісіне бақылау жасайды.
Жәй ғана өнімдеріне «халал» деп жазатын адамдардың ниеттері дұрыс шығар, бірақ олар оны қалай өндіруді білмейді. Біздің миссиямыз – оларға келіп, халал деген не екенін түсіндіру, олар өнім құрамын реттеп, біздің сертификатымызды алып, біздің патенттелген логотипті алып, жұмысын жалғастыруы үшін.


- Фастфуд желісі мен дәмханаларда ҚМДБ сертификаты бар-жоқтығын қалай анықтауға болады?


- Діни басқарма осы бағытта тек 1,5 жыл жұмыс атқаруда. Қоғамдық тамақтану желілері жақында ғана сертификат ала бастады. Мысалы, KFC 15 наурызда ғана сертификат алды.Бұған дейін құзыреті жоқ орган оларға діни басқарманың патенттелген логотипін іліп, адамдарды шатастырды. Адамдар діни басқарма сертификаттаған шығар деп ойлап соған барып жүрді, ал шын мәнісінде ондай үдеріс жүргізілмегенді. Қандай да жеке компания діни басқарманың логотипін ілген, бірақ ешқандай тексеру жүргізбеген. Ол компанияның өкілдері сарапшылар емес еді және оларда ондай біліктілігі жоқ еді.
Бәлкім компаниядағылар келіп, дұға оқылса болды деп ойлаған болар. Адамдар кейде солай ойлайды. Бірақ ол өте ыждағаттылықты қажет ететін жұмыс. Біз осы жұмысты жүргізуге келгенде олар шошынып кетті.
Сол жеке меншік компания «Алматы азық-түлікке» келіп, KFC сияқты біздің логотипті берген. Ал енді біз халва, тәттілер шығаратын «Алматы азық-түлікке» біздің сертификатымызды алуды ұсындық. Олар қазір ойланып жүр. Олар патенттелген логотипті пайдалана алмайтынын түсінеді.
Бұл жерде біз ешкіммен соттасып жатқымыз келіп отырған жоқ, біз діни адамдар болғасын, қайырымды болғандықтан ешкіммен соттасқымыз келмейді. Біз, олар егер біздің логотипті алған екен, дұрыстап сертификаттанудан өтуді ұсынамыз. Қазақстанда ондай жұмыспен айналысуға құзыреті жоқ жеке компаниялар бар. Олар қағаз береді, бірақ олар талапқа сай емес, және адамдарды шатастырады. Кімдер жоқ дейсіз!Логотипті кім жасамай жатыр, халал сертификатын кімдер бермей жатыр! Бұл өте маңызды мәселе және қалжыңды көтермейді.


- Діни адамдар үшін халал талаптарын бұзу деген нені білдіреді? Ол үлкен күнә ма?


- Мұсылмандар үшін ол «халал» деп аталады, христиандар үшін ол рұқсат етілген, жеуге болатын тағамдар. Тіпті Інжілде де шошқа еті мен өлік етін жеуге болмайды деп айтылған. Иудейлерде кошерная деп аталатын тамақтар бар. Жалғыз Жаратушыға сенетін адамдар, христиандар, иудейлер, мұсылмандар шошқа еті мен арам өлген малдың етін жеуіне болмайды.
Адал тамақ жейтін адамдардың дұғалары да қабыл болады. Егер арам ас асқазанға түссе, ондай адамның дұғасы 40 күн бойына қабыл болмайды. Егер адам алкоголь ішіп қойса, 40 күн бойына ол ағзасын тазартуы тиіс. Егер адам тіпті бояғыш қосылған балмұздақ жеп қойса да, ол адамның дұғасын Алла 40 күн бойына естімейді. Тәулігіне бес мезгіл намаз оқитын адамның денсаулық сұраған, отбасына бақ пен береке, бейбітшілік сұраған дұғасы, егер ол халалдықты сақтамаса, олардың дұғасы қабыл болмайды.



- Бәрі де қандай байыпты! Бірақ халал – ол тек шошқа еті мен арам өлген малдың етін жемеу және алкоголь ішпеу емес қой. Сіздер сертификат берудің алдында нені тексересіздер?


- Сертификат бермес бұрын, біз азық-түлік құрамын толық тексереміз, өзіміз меморандум жасаған зертханаға жібереміз, ол оларда шошқа ДНК-сының бар-жоғын тексереді, сосын бізге қорытындысын береді.
Алайда халалмен байланысты көптеген басқа да жайттар бар. Мыселен, тамақ қоспаларын пайдалану. Олар өсімдіктен немесе малдан жасалған болуы мүмкін. Сонда нақты қай малдікі қолданылған?
Тіпті қызмет көрсету, қызмет ұсыну, келушілерге қарым-қатынасы да маңызды. Біздің өзіміздің стандартымыз, мейрамханалар, кафе үшін «қызмет және тамақтану» және т.б. талаптарымыз бар. Адамдар судан тұрады ғой, сондықтан біз оларға түсіндіреміз: қызметкерлер қандай көңіл-күймен, қалай жанын салып жұмыс жасаса, сол көңіл-күй тамаққа да беріледі. Жақсы көңіл күймен келіп, сол тамаққа жақсы бағдарлама енгізетін болса, оның пайдасы тиеді. Ал адамдардың көңіл-күйі болмаса, тамаққа сол негативті бағдарлама әсер етеді.
Біз сусындарға сертификат бермейміз. Егер олардың мәзірінде шай, кока-кола, лимонадтар болса, біз оларға тиіспейміз. Кафедегі суға да сертификат бермейміз. Десек те суды тазартудың бір деңгейі – активтелген көмірмен тазалау. Ал оның өзі өсімдіктен немесе малдан жасалады.
Сертификат тек ыстық тағамға беріледі – бургерлер, салаттар. Ұн, кетчуп, майонезді пайдалану да халалға сертификатталуы керек, құрамында шошқа еті, қопсытқыш, дәмін арттығыштар, ГМО болмау үшін – яғни тыйым салғандардың барлығы болмас үшін.
Дәл солай, тәттілер, десерттер де. Оларда қандай желатиннің қолданылғаны маңызды, шошқанікі ме әлде агар-агар ма (ол теңіз балдыры, оны желатин ретінде қолдануға рұқсат етіледі). Тіпті бояғыштарда да солай. Бізде жәндіктерді қолдануға тыйым салынған, ол халал болып табылмайды. Ал кармин деген қызыл бояғыш бар. Оны кондитер өнімдерінде, йогуртта, шұжықта қолданады. Ал ол болса жәндіктен дайындалады.
Оған қоса, ірімшіктің, айранның неден жасалғаны, қалай ашытылғаны да маңызды. Егер ацидофильді микробологиялық өнім болса, онда әңгіме жоқ. Ал егер ашытқысында мәйек ферменті болса, тағы да сол – оның қай малдікі екені маңызды.
Ал кафеде қолданылатын еттің міндетті түрде шариғат бойынша сойылған малдікі болуы маңызды.


- Оны қалай тексеруге болады? Мал сою кезінде қатысу арқылы ма?


- Кафе етті сертификатталған мал союшылардан алады. Олар тек Алматыда ғана бар емес. Қазір біз осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз әр мал союшыны оқытамыз. Бізде Қазақстан бойынша қызық процесс басталды – Құрбан айтқа 30-дан астам мал союшыны үйреттік. Қазір «Алтын Орда» базарында 33-тен астам мал союшы халал-стандарттің барлық талаптары бойынша мал союды үйренді.
Олар малды дұрыс бағытта ұстап, бауыздау кезінде нақты бір сөздерді айтып, ұзын өткір пышақпен союлары керек. Бір малды екіншісінің көзінше союға болмайды. Малды зілбалғамен, семсермен, тоқпен ұруға болмайды. Егер малды солай өлтірсе, ол халал деп саналмайды.
Егер оны дұрыс сойса, онда ол басының жанындағы 4 жерден бір қимылмен бауыздалады - мойындырық венасы, өңеш, кеңірдегі, сосын малдың жүрегі әлі де соғып тұруы керек, ол қанды сорғы секілді сыртқа шығару үшін. Қан шыққасын барып, жүрегі тоқтайды, сосын барып, терісін сыпырып, етін боршалай бастайды. Ал егер малды тоқпен өлтірсе немесе басынан зілбалғамен ұрса, ол арам өлген болып есептеледі.


- Ал енді Құрбан айт кезінде жаппай мал сою қалай? Ол жерде осы талаптардың барлығын сақтау мүмкін емес шығар?


- Бұрын, Құрбан айт кезінде мал союды бақылау мен реттеу мүмкін болмады, тәртіпсіздік те көп болды. Басқа малдардың қалғанын сойып жатқанын көрмеулерін қамтамасыз ету мүмкін емес еді. Бірақ шариғат бойынша малдардың көзін байлауға рұқсат етіледі, сонда оларда қорқыныш болмайды.
Биыл біз муфтидің бұйрығы бойынша барлық өңірде нұсқаулық өткіздік, электронды түрде жібердік, малды қалай сою керектігі туралы бейнефильм жасадық, мамандарымыз да нұсқаулықтан өтті. Сондықтан биыл тәртіп болды, тазалық сақталды.
Мал сою – әлем бойынша маңызды мәселе, және орнын тазалау да қиын. Біз тіпті барлық мал соятын жерлерде тілек білдірушілердің барлығының бізде нұсқаулықтан өтіп, құжаттары мен өздерінің жеке мөрлерін ала алатындарын айттық. Сосын олар малды халал етіп сойып, сол үшін жауап беретін болады.


- Сонда халал өнімі денсаулық үшін де барынша қауіпсіз болып отыр ғой?


- Әрине. Медицина тұрғысынан қарасақ, барлық паразиттер қанда болады екен. Егер малды шариғат бойынша соймаса, оны балғамен немесе жүрегіне пышақ қадап өлтірсе, қан сыртқа шықпаса, онда барлық паразиттер іште қалады екен.Егер бір мал екіншісін сойып жатқанын көрсе, оның бүйрек безі қорқыныш гормонын бөліп шығарады екен, сөйтіп ол тірілей өледі, екі рет өледі. Ондай еттің ешқандай да пайдасы болмайды, ет бүлінеді.
Халал – бұл экологиялық және медициналық көзқарас тұрғысынан өнімнің сапа қауіпсіздігі.


- Халалға тағы да қандай талаптар бар?


- Киімге деген талаптар бар, тіпті желімге де, оның құрамында негізінде шошқа еті бар жабыстырғышы бар. Талаптар көп, фармацияға дейін. Асқазанға арналған, қысымды түсіруге арналған танымал дәрі-дермектердің барлығының қабы шошқадан жасалған.
Тіпті шектен шығатын кездер де болады: мысалы, адам өлім аузында және басқа дәрілер жоқ, онда оған осындай дәрілерді пайдалануына рұқсат етіледі. Тіпті адам аштан өліп бара жатса, оған шошқа етін де жеуге болады. Бірақ бізде шектен шығарлық сәттер жоқтың қасында, сондықтан біз дәрі-дәрмектер, тамақ, киімдер халал стандарына сай болатынындай етуге тырысуымыз керек.
Қазір біз малайзиялық стандарттар негізінде стандарттар жасап жатырмыз, бізге де халал-фармация келер деп жоспарлап отырмыз. Бізге басқа елдерден, мысалы, Иорданиядан, көрмеге фармацияны әкелді, бірақ бізде өзіміздің стандарттарымыз болмады.


- Ал осы мәселеге фармкомпаниялар қалай қарайды? Олардың өнімдері екі рет тіркеуден өтуі керек қой – мемлекеттік және халал.



- Әрине, бұл мәселе денсаулық министрлігінде көтеріледі. Бірінші кезекте фармацияға мемстандарт керек. Қазір біз осы материалды дайындап жатырмыз. Қазақстандық фармкомпаниялар да оған мүдделі. Шетелдерде барлығы да бар – асқазанға арналған, қысымға қарсы таблеткалар мен инсулин де бар. Ол үдеріс қозғалды, Қазақстанда да халал-фармация пайда болуы міндетті нәрсе. Тіпті халал-косметикамен, балық майымен біздің нарығымызға келгісі келетін жеткізушілер де бар.


- Ондай өнімге деген сұраныс жеткілікті ма?


- Дүниежүзілік халал-индустрия қарқынмен дамып келеді. Біздің елімізде әлеуетті тұтынушылар орасан көп – Қазақстан халқының 75%-ы мұсылмандар.
Малайзияны, Американы, Канаданы алсаңыз – бүкіл әлемде халалға сұраныс орасан үлкен. Амстердамда әр үшінші мейрамхана – халал.


- Бізде де сол Амстердамдағыдай болуы үшін қанша уақыт керек?


- Дұрысы «Малайзиядағыдай» қашан болады деген. Онда 100% халал ғой. Біз соған ұмтылуымыз керек. Ол үдеріс жүріп те жатыр. Күніне 2-3 кәсіпорын ҚМДБ-ға келіп жатыр. Адамдар сау тағамды пайдалану керектігін түсінуде, себебі ол ұлт денсаулығымен тығыз байланысты.


- Сұхбатыңызға рақмет!

adimage