Алматы балабақшасының меңгерушісінен туберкулездің ашық түрі табылды

Алматы. 26 қазан. ҚазТАГ - Динара Жаркеева. Алматыда №144 балабақшаның меңгерушісінен туберкулездің ашық түрі табылды.  
«Меңгерушіден ашық түрдегі туберкулез жұқпасы анықталды. Біз оны кеше білдік. Ата-аналармен жиналыс болды.  Барлығымен сөйлесіп, ескерту жасадық», - деді жұма күні Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан Қайратұлы.
Сондай-ақ, ол атап өткендей, барлық балаларды тексеруден өткізу керек.  
«Бүгіннен бастап барлық балалар рентген тексеруден өтеді, қажет болған жағдайда манту салынады», - деді әкім орынбасары.  
Бұл ретте, оның айтуынша, балабақшаның ауырып қалған меңгерушісі «жұмыстан кету туралы» арызын жазған.
Ата-аналардың бірі балабақша меңгерушісінің қыркүйекте уақытша демалыста болғанын айтты, сосын қайтадан жұмысқа шыққан.  
«Ол денсаулығына байланысты уақытша демалыста болды. Оның орнын басқан әдіскер меңгерушінің қатты ауырып қалғанын  айтты. Меңгерушіні жұмыста қыркүйектің соңы мен қазанның  басында көріп жүрдік. Түрі жүдеу көрінді. Кешегі жиналыста бізге «ол ауруын 19  қазанда бір-ақ білген» деді. Біздің түсінбейтініміз - осындай ауыр диагноз қалайша бір күнде қойылады? Ол қалайша сырқат күйінше балабақшаға келіп жүрген? қыркүйекте денсаулығына байланысты уақытша демалыста болған екен, соңына дейні емделіп, жұмыс жасауға жағдйаы келсе ғана шығуы керек еді ғой», - деді ата-ана.  
Бұл ретте ол баласын әзірше балабақшаға апармайтынын айтты.  
«Балабақшаның жартысы ауырып жүр. Кешегі ертеңгілікте балалардың біразы жөтеліп тұрды. Кімнің немен ауырып жүргенін білмейсің.  Қазір әрине, баланы балабақшаға жібермеймін, егер қажет болса рентгенге де түсеміз», - деді ол.  

adimage