Алматы кардиологтары халыққа бейне- және теле байланыс форматында кеңес беретін болады

Күні: 19:10, 27-03-2020.

Алматы. 27 наурыз. ҚазТАГ – Алматы кардиологтары халыққа бейне- және теле байланыс форматында кеңес беретін болады, деп хабарлады Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
«COVID-19 жұғу қаупінің жоғары болуына байланысты жарияланған Төтенше жағдай аясында амбулаториялық қызмет көрсету мүмкін емес. Бірақ бұл ахуалдың кардиологиялық пациенттерге зардабы тимеуі үшін барымызды салатын боламыз», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Хабарда нақтыланғандай, енді кардиологиялық орталықта науқастар онлайн алаңда қаралатын болды. Оларды кардиологиялық хирургия, интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушілері, профессорлар мен доценттер белгіленген графикке сәйкес қарайтын болады. Қосымша сұрақтар бойынша науқас 225-00-42 нөмірлеріне, ішкі 192 телефонына хабарласа алады. Сосын онымен онлайн кеңес беру күні мен уақыты келісілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 534,5 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 24,1 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан та табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 126 жағдайы тіркелді. 27 наурызда   коронавирустан жазылып шыққандар саны үшеу болды. Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтанда бір әйел коронавирус инфекциясы салдарынан көз жұмды.


Жаңалықтармен бөлісу: