Алматы әкімдігі Бәиішев көшесіндегі 14 үйді «жоғалтып алған

Күні: 15:51, 05-08-2019.

Алматы. 5 тамыз. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Алматыдағы Бәйішев көшесі бойындағы 14 үйдің тұрғыны сусыз, жарықсыз және асфальтсыз қалуы мүмкін – олар коммуналдық қызмет балансында жоқ.
«Біз төрт жылдан астам уақыт бойы барлық мекемеге жаздық, бізді допша домалатып келеді. Біздің су құбырымыз апатты жағдайда, оған 50 жылдан астам болған. Жылына екі рет құбыр жарылады, біз өз қаржымызбен жөндетеміз – ағаш нымша қояды болды. Бауыржан Байбек (әкім – ҚазТАГ) болғанда бізге су құбырын өткізуге уәде берген еді, әкім ауысқалы бізді бөліп тастады, көшенің жартысын жасайды, ал бізді – 130 метрді- жобаға енгізбеген. Бізге баланста жоқ болғандықтан, бәрін өз қаржыларыңызбен жасаңыздар деді. Біз мердігермен сөйлестік, әр үйден Т308 мың болады деп есептеп берді. Бұл жерде мүгедектер, зейнеткерлер көп, ондай ақшаға шамамыз келмейді. Сондықтан төрт жыл бойы жүгіріп келеміз», - деді Бәйішев көшесінің тұрғыны Елена Цой.
Бұл ретте, ол қазіргі таңда Бәйішев көшесінің басқа бөлігінде су құбырының ауыстырылып жатқанын, ал ол іске қосылғаннан кейін көшенің тұйық бөлігіндегі ескі құбырлардың қысымды көтере алмайтынын түсіндірді.
Су құбыры ауыстырылып жатқан Бәйішев көшесі бөлігінің тұрғындарының да жөндеу жұмыстарының сапасына көңілдері толмайды. Олардың айтуынша, құбырлардың түйіскен жерлері біріктірілмеген, траншеяларға топырақ үйілмеген, тұрмыстық қалдық төгілген, құдықтар нашар қоршалған, ал үйілген балшықты олар өз қолдарымен тазалаған.
Сонымен қатар, Бәйішев көшесінің тұйық бөлігі коммуналдық қызмет балансында болмағандықтан, олар өз қаржысы есебінен көшені жарықтандырып, асфальт төсеген.
Тұрғындардың айтуынша, олар Алматы әкімдігіне жүгінгенде, Бәйішев көшесіндегі Сидоркин көшесінен Шемякин көшесінің солтүстігінде орналасқан олардың үйлері картада жоқ болып шықты.
Бұл ретте аталмыш үйлердің тұрғындары тұрақты түрде суға, жарыққа және басқа да коммуналды қызметке төлем жасап келген.
«Әкім бізді естісе екен дейміз, бізді «допша домалатпай», көмек қолын созып, сол 130 метр құбырды жасап берсе екен дейміз. Бұл бізді қорлау! Әкімдік ұялмай ма екен? Біз не істейміз? Президентке 130 метр құбыр салып беріңіз деп жазайық па?» - деді Цой.
Аталмыш үйлерде шамамен 100 адам тұрып жатыр.


Жаңалықтармен бөлісу: