Алматы мүгедектер одағының төрағасы Әли АМАНБАЕВ: «МЕН ЗАҢ ШЫҒАРАТЫН ОРГАНДАРДА ТЫМ БОЛМАСА БІР МҮГЕДЕК ДЕПУТАТ ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІН ҚАЛАЙМЫН»


Алматы. 10 желтоқсан. ҚазТАГ – Вера Ляховская. Қазақстанда мүгедектігі бар 609 мың адам өмір сүреді. Олардың көбі қоғамдық өмірдің барлық саласына: еңбекте, кәсіпкерлікте, мәдениет, спорт саласына белсенді тартылған. Дегенмен оларды қоғамға толығымен интеграциялау мәселесі мемлекеттік бағдарламалар мен оларға деген азаматтардың көзқарасына байланысты. Жағдайды шешу үшін мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ қандай әрекеттер қабылдап жатқаны туралы ҚазТАГ-қа берген сұхбатында Алматы мүгедектер одағының төрағасы, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Әли Аманбаев айтып берді. Ол мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді, Қазақстан мүгедектерінің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жоспарын іске асыру бойынша жұмыс тобының мүшесі болып табылады.

 

- Әли Әбілданұлы, қазір сіздің күш-жігеріңіз бірінші кезекте неге бағытталған?

 

- Барлық қызметке қол жетерлікті қамтамасыз етуге. Әлі күнге мүгедектігі барлар көлікпен, білім алуда, медициналық қызметті көруде тең мүмкіндікті пайдалана алмай келеді. Осы проблемаларды шешу үшін 2012 жылы мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ мүгедектер құқығы туралы Конвенцияға қол қойды. Қазір оны бекітуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын орындау және өмір сапасын жақсарту бойынша шаралар жоспары 2018 жылға дейін есептелген. Конвенцияға қол қоюдың арқасында көп нәрсеге қол жеткенін айта аламын. Мысалы, 2014 жылы 30-дан астам нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Егер заңды өзгертпесек ешнәрсе шықпайды. Мысалы, біз кезінде мүгедектігі барларды жұмыспен қамтамасыз етуде 3 пайыздық квотаны заңмен бекітпедік. Олар сондықтан жұмыс істей алмайды. Енді ол заң күшіне енеді, енді кез келген мекеме, оның ішінде сіздің редакция да, жұмыс орнының 3%-ын мүмкіндігі шектеулілерге беруі тиіс.

 

- Батыста осы шартты орындайтын кәсіпорындарға мемлекет жеңілдіктер мен артықшылықтар береді.

 

- Өте дұрыс. Мысалы, оларға арнайы жұмыс орнын, дәретханаларды, машина тұрақтарын қайта жабдықтауға қаражат бөледі. Мемлекет мүгедектердің жалақысының бір бөлігін төлейді. Әрине, бізде де солай болуы тиіс. Айталық, ерекше мұқтаждығы бар жұмысшының жалақысы 120 мың теңге болса, оның 40 мыңын жергілікті билік органдары төлейді. Қорғаудың осындай тетіктері көп. Олардың ішіне тұрғын үй мәселесі мен айыппұл салу мәселелері де кіреді. Егер қандай да банк, не ЖОО бізге қолайлы жағдай жасамаса, оны сот арқылы мәжбүрлеуге болады.

 

- Бұл ең алдымен қандай мекемелерге қатысты болады?

 

- Жаңа мектептерге қараңызшы. Олардың біреуі де пандустармен жабдықталмаған! Үлкен не шағын дүкендерде де сондай. Бірақ мен алда жағдай жақсарар деп ойлаймын. Егер Конвенция бекітілетін болса, біз халықаралық қауымдастық алдында міндет аламыз ғой, әр екі жылда БҰҰ алдында есеп беріп тұрамыз. Ал олардың алдында заңды орындамай отырғанымызды жасыра алмайсың. Жоспар бойынша бекіту 2015 жылы болуы тиіс. Бұл парламенттің орасан зор жұмысы, одан бұрын барлық түзетулерді заңдарға енгізіп үлгере алмайтын шығар.

 

- Демек, қандай да оң жетістіктер туралы тек Конвенция бекітілген соң ғана айтуға болады екен ғой.

 

- Жоқ, ол үдеріс толығымен жүріп жатыр. 3 пайыздық квота мәселесіне қатысты: егер кәсіпорын қандай да себептермен мүгедектігі бар адамды жұмысқа ала алмайтын болса, ол белгілі соманы арнайы құрылған қорға салуына болады. Бұл ақшаға жергілікті билік органдары не өздері жаңа жұмыс орнын ашады, не ондай жұмыс орнын ашқысы келетіндердің шығынын өтейді.

 

- Сіз ойлағандар өмірде қаншалықты іске асады деп ойлайсыз?

 

- Біздің менталитетімізді ескерсек, қандай да болжам айту қиын. Өкінішке қарай, Қазақстанда мүгедектігі барларды тұтынушыларға айналдырып алдық, олардан тек «бер, бер» дегенді ғана естисің. Бірақ соңғы кездері шенеуніктер бізге де құлақ аса бастады. Үкімет пен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан ешқандай кедергі болмауы тиіс. Дегенмен Қазақстан әлемдік қауымдастыққа интеграциялануда ғой, демек сол деңгейге сай болу керек.

 

- Сіздерге тағы басқа қандай министрліктер көмектеседі?

 

- Транспорт және коммуникация министрлігі. Барлық бағытқа баратын пойыздарда кресло-арбаны қолданатын адамдардың қажеттілігіне лайықталған вагондар іске қосылған, өте ығайлы. Әуежайлармен де жұмыс жасап жатырмыз, біршама тәртіп орнады. Арнайы оқытылған агенттер ерекше мұқтаждықтары бар адамдарға ұшақтың бортына отырар кезде немесе түсер кезде олардың жайлы қозғалуын қамтамасыз етеді. Олардың міндеттеріне сондай-ақ күтіп алу, жүгін тіркеу және рәсімдеу кезінде көмек көрсету, арбасына ілесіп жүру кіреді. Мен қызмет көрсетуде бәрі күшті дей алмаймын, алайда алға жылжулар бар. Салыстыруыма да болады. Германияда, мысалы, агенттер қызметі жақсы жолға қойылған. Мен жақында Франкфуртте болдым, ол жақта адасып кетпесін деп маған ілесіп жүрді. Мен өзім де таба алатынымды айтып, бас тартқам, бірақ олардың мені тыңдағылары да келген жоқ. Демалыс бөлмелерінің барлығы жабдықталған: диван, кофе, шай, шырын, тіпті сыраға дейін тұрды! Біз ақырындап осындай деңгейге жетеміз, мен оған сенімдімін.

 

- Сіздің жағымды жаққа қарай беталысың қуанышты, Әли Әбілданұлы. Жақында ғана қолданыстағы жүйенің қатаң сыншысы болған едіңіз

 

- Солайы ол солай! Алайда егер жақсы өзгерістер болып жатса ол туралы да айту керек. Үкіметтің, депутаттық корпустың және ҮЕҰ өзара қарым-қатынасының арқасында біз нақты алға жылжуларға қол жеткізіп жатырмыз. Соңғы кездері мүгедектерге арналған таксилердің саны артты. Елімізде мүгедектігі бар жандардың иелігінде 51 машина бар, оның үстіне қызметтер де тегін көрсетіледі. Алматыда 14 машина бар, әрине көп болғаны жақсы, бірақ бәрі өз уақытымен. Ең алдымен мүгедектерге арналған таксиді оқитындар мен жұмыс жасайтындарға бөледі, бұл да біздің азамттар үшін өте жақсы қолдау.

 

- Алайда қоғамдық транспорт мәселесі шешілмеген күйі қалып отыр.

 

- Иә. Алматыда 200 –ден астам автобус пен 50-ден астам тройлейбус тиісті үлгіде жабдықталған, тек жүргізушілерді оқытып, аялдамаларды қайта жабдықтау қажет. Бұл мәселеде де біз жергілікті билікпен түсіністікке келген сияқтымыз, бұл жақын арадағы жоспарлар. Әрине менің жылдамдатқым –ақ келеді, бірақ бұл жалғыз маған байланысты емес. Сондай-ақ, мен заң шығаратын органдарда тым болмаса бір мүгедек депутат жұмыс істегенін қалаймын. Сонда ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды тыңдаушылар одан сайын артатын болады.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!


adimage