Алматы мен Нұр-Сұлтан гепатитпен ауыратын науқастар саны жағынан көш бастап тұр

Күні: 16:04, 26-07-2019.

Астана. 26 шілде. ҚазТАГ – Алматы мен Нұр-Сұлтан гепатитпен (сары аурумен) ауыратын науқастар саны жағынан көш бастап тұр, деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) баспасөз қызметінен.
«Науқастарды диспансерлік есепке алудың ресми мәліметі бойынша 2018 жылы Қазақстанда гепатитпен ауыратын 67 мыңнан астам адам тіркелген, оның 5717-не диагноз бірінші рет қойылған. Науқастардың ең көп бөлігі Алматыда (8943), Нұр-Сұлтанда (8088), Түркістан облсында (6592) және Шымкентте (6369)», - делінген жұма күні Дүниежүзілік гепатитпен күрес күніне орай таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) ақпарынша, В немесе С вирусты гепатитін бүкіл әлемде 325 млн адам жұқтырған, жыл сайын одан 1,4 млн адам көз жұмады.
«Адам өлімі деңгейі бойынша аталмыш жұқпалы ауру туберкулезден кейін екінші орында тұр, ал гепатит жұқтырған адамдар саны АИТВ жұқтырғандардан 9 есе жоғары болып отыр. Гепатиттің алдын алуға және емдеуге болады, ал С гепатиті толықтай емделеді. Алайда гепатитпен ауыратындардың 80% астамы алдын алу құралдарына, тестілеу мен емделуге қолдары жетпейді», - деп атап өтті ӘМСҚ.
Гепатит – бауырдың қабынуы. Гепатиттің бес формасы бар - HAV, HBV, HCV, HDV және HEV, немесе барынша қысқа айтсақ сәйкесінше, A, B, C, D және E.
«ҚР денсаулық сақтау минстрлігінің ақпарынша, халыққа екпе салудың кеңінен қолданылуына байанысты соңғы 25 жылда Қазақстанда В вирусты гепатитімен ауыру балалар арасында 1234,5 есе, ересектер арасында – 31,5 есе төмендеген», - деді қордан.


Жаңалықтармен бөлісу: