Алматы МКД тергеушісіне $1 млн бопсалаған деп күдік келтірілуде

Астана. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің қызметкеріне «БТА Банк» АҚ ісі бойынша $1 млн бопсалаған деп күдік келтірілуде, деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 19 қаңтарда Бас прокуратураның Ішкі тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің қызметкері Д.Ысқақовты және уақытша жұмыссыз Д.Әлпиев пен Э.Сүлеймановты қылмыс үстінде ұстады. Көрсетілген адамдар «БТА Банк» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасынан 1 млн. АҚШ долларын Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша мәселені шешу үшін алаяқтық жолмен бопсалаған», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Ведомствода атап өткендей, Д.Ысқақов осы қылмыстық іс бойынша Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобының құрамына кірмеген.
«Д.Ысқақов, Д.Әлпиев және Э.Сүлеймановтарға қатысты Алматы қаласының Мамандандырылған тергеу соты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», - деп хабарлады бас прокуратурадан.

adimage