Астана. 4 маусым. ҚазТАГ – Алматы облысы ауылында 270-тен астам ауланы су басты, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
«3 маусым күні сағат 21:00-де Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Пенжім ауылындағы бірнеше көше мен ауланы су басқандығы жөнінде хабарлама түсті. Таулы аймақта жауған нөсерлі жауын салдарынан бүйірлі ағынның қалыптасуы тіркелді. Су деңгейінің көтерілуінен Пенжім ауылында Жібек жолы, Ш.Уәлиханов, Райымбек, Желтоқсан, Мұхамади көшелерінде орналасқан тұрғын үй аулаларын су басты. Сондай-ақ Жаркент-Қорғас республикалық маңызы бар автожолы су астында қалды. Жаркент қаласының аудан орталығына дейін 20 шақырым. (…)сағат 06.30-дағы жағдай бойынша халықты эвакуациялау жүргізілген жоқ, көмек сұрағандар да болмаған. Алдын-ала мәлімет бойынша 270 үйдің ауласын су басқан», - деп хабарлады сейсенбіде Нұрахметов.
Ол атап өткендей, оқиға орнында Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасовтың басшылығымен штаб құрылған.
«Жаркент қалалық 33-Өрт бөлімшесі мен Панфилов ауданының полиция бөлімшесінің қызметкерлері су басу қаупі бар учаскелерде халыққа ескерту жүргізді. Халықты эвакуациялау үшін Пенжім ауылындағы «Әділ» дәмханасы дайындалды», - деп хабарлады ТЖК ресми өкілі.
Оның ақпарынша, үйлер мен шаруашылық құрылыстарының құлауы туралы ақпар тіркелмеген, аулаларды аралау әлі де жалғасуда.
«Су басу салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы дерек тіркелмеген. Қазіргі таңда су ағыны тоқтаған», - деп атап өтті ТЖК ресми өкілі.
Сондай-ақ, ол хабарағандай, су басу салдарын жою үшін Алматы облыстық ТЖД-дан, жергілікті атқарушы органдардан, «Қазселденқорғау» ММ-нан, әскери қызметшілерден, Панфилов аудандық полиция бөлімшесінен барлығы 190 адам мен 40 техника жұмылдырылды.
«Пенжім ауылының өмірді қамтамасыз ету жүйелері (энергиямен және сумен қамту) штаттық режімде жұмыс істеуде. Арық жүйесінің нөпір суды өткізуге қауһары жетпеген», - деді Нұрахметов.
Алматы облысы ауылында 270-тен астам ауланы су басты
