Алматы облысында 60 мың тоннаға арналған жүгері кептіретін жаңа кешен салынды

Алматы. 6 қазан. ҚазТАГ - Алматы облысында 60 мың тоннаға арналған жүгері кептіретін жаңа кешен салынды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.  

«Жаркент крахмал-сірне зауытында 60 мың тонна жүгері дәнін кеп¬тіретін жаңа зауыт кешені іске қосылды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Панфилов ауданына жасаған жұмыс сапарында белгілі болды», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.  

Жаркенттегі «крахмал - сірне» зауытының биыл пайдалануға берілген жүгері дәнін кептіру цехының жұмысымен танысып, зауыт еңбеккерлері қанша жүгері дәнін өңдеп ұқсататынын кәсіпорын басшысы Закир Кузиевтен сұрап білді. Жалпы 9,5 миллион евро ақшасына салынған жаңа құрылғы зауыттың жүгері дәнін қабылдау ауқымын ұлғайтпақ. Өткен жылы бұл зауыт жаркенттік диқандардан 30 мың тонна «дала аруының» дәнін қабылдап ұқсатса, биыл бұл көрсеткіш екі есе өспек. Сөйтіп, бұл кәсіпорынның өнім өңдеу ауқымы кеңіп, оған қосымша жан-жақтан мал мен құсқа қуатты жем іздегендер қатары көбейіп, «дала аруының» дәніне сұраныс артып келеді.

Сонымен қатар, ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі А.Баталов жалпы аумағы 8,5 га. болатын жүгері өнімін жинап, сұрыптайтын, оны сақтап, кептіруге арналған орындармен танысты. Сапар барысында аудандағы қуатты қожалықтардың бірі саналатын Пенжім ауылдық округіндегі «Қожамбердиев» шаруа қожалығының егістік алқаптарындағы жүгері өнімін жинау науқанына да назар аударды. Қожалық басшысы Әділжан Қожамбердиевтің айтуынша ол өсімдік дақылдарын өсірумен 17 жылдан астам уақыт айналысып келеді.

Сапар соңында А.Баталов жүгері өсірушілермен бірқатар маңызды мәселелерді талқылаған.

Биыл Алматы облысында 72 мың га жерге жүгері егілген және одан жиналған өнімнің алғашқы партиясы шаруаларды қуантып отыр.

adimage