Алматы облысында апаттық мектептерді жою бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде – Баталов

Талдықорған. 1 қыркүйек. ҚазТАГ – Алматы облысында апаттық мектептерді жою бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде, деп мәлімдеді облыс әкімі Амандық Баталов.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында облыс бойынша жаңа оқу жылына 15 жаңа мектеп ашылды. Олардың ішінде 5 мектеп апаттық халдегілердің орнына ашылды. Енді облыста Райымбек ауданында тек 1 ғана апаттық мектеп қалды. Осылайша, облыста апаттық мектептерді және үш ауысымды оқыту мектептерін жою жөніндегі мақсатты жұмыс жүргізілуде», - деді А. Баталов Талдықорған маңындағы Еркін аулындағы жаңа мектептің салтанатты ашылуы барысында.
Еркін аулындағы мектеп 300 орынға шақталған, оның жанындағы шағын орталық – 100 орындық. Оның ашылуында сөз сөйлеп тұрып, өңір басшысы «онда жас буынды оқытуға және тәрбиелеуге арналған барлық жағдайлар жасалғанын, құрылыс және рәсімдеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы жүргізілгенін» айрықша атап айтты.
Мектеп заманауи құрылғымен жарақталған және автономды қазандықпен жылытылады, оның құрылысына Т1 млрд-тан аса қаражат бөлінген болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі биылғы оқу жылында Еңбекшіқазақ ауданындағы Қайыпов аулында сондай-ақ 300 орындық, Іле ауданындағы Құйған аулында 180 орындық, Өтеген аулында 1200 орындық, Комсомол аулында 450 орындық, Тілендиев аулында 600 орындық, Қарасай ауданындағы Көкөзек аулында 180 орындық және Жармұханбет аулында 120 орындық, Жамбыл ауданындағы Еңбекшіарал аулында 280 орындық, Көксу ауданындағы Кеңарал аулында 120 орындық, Панфилов ауданындағы Төменгі Пиджим аулында 180 орындық, Талғар ауданындағы Бесағаш аулында 600 орындық, Алмерек аулында 300 орындық, Ақдала аулында 300 орындық, Қапшағай қаласындағы Арна аулында 120 орындық жаңа мектептердің өз есіктерін айқара ашқанын еске салды, сонымен қатар Қарасай ауданындағы Жандосов аулында мектепке жалғана салынған 300 орындық құрылыс пайдалануға берілген.

adimage