Алматы облысында гранаталар мен тұтатқыштарды сатумен айналысқан топ ұсталды

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Алматы облысында гранаталар мен тұтатқыштарды сатумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлады ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен.
«6 тамызда Алматы облысы Кербұлақ ауданының соты «РГД-5» жауынгерлік гранаталарын және оның тұтатқышын өткізумен айналысқан бір топ адамға қатысты үкім шығарды. Топ мүшелері ҚР ҚК 287-бабы 4-бөлігі (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру - ҚазТАГ),361-бабы 1-бөлігінде (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану - ҚазТАГ) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, жазаларын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі ҚАЖ мекемесінде өтейтін болады», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Ведомствода нақтылағандай, ағымдағы жылдың мамырында ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатуға қатысы бар атламыш топтың құқыққа қайшы әрекетінің жолын кескен болатын.
Еске салсақ, 30 мамырда хабарлағандай, Алматы облысында тұтатқыштарымен бірге гранаталарды сату әрекетінің жолы кесілген болатын.


adimage