Алматы. 3 маусым. ҚазТАГ – Алматы облысында келесі жылыту маусымына Т10 млрд астам қаржы бөлінді, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.
«2018-2019 жылдарғы жылыту маусымы аяқтала салысымен алдағы 2019-2020 жылдарғы жылыту маусымына дайындық басталып, оған 10,3 млрд. теңге бөлінген», - деді Алматы облысының әкімі Айдарбек Байжанов.
Жалпы, оның ақпарынша, облыс халқының көмірге қажеттілігі 1,7 млн. тоннаны құрайды.
«Биылғы жылы көмір жетіспеушілігін болдырмау және бағаны негізсіз өсірмеу үшін Шұбаркөл және Қаражыра разрездерінен бірыңғай оператор қызметі бойынша көмірді тікелей жеткізетін екі компания айқындалды. Бекітілген кестеге сәйкес маусымнан бастап тасымалдана бастайды», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс әкімдігінде мәлімдегендей, биылғы жылы өңірде 14,8 шақырымнан астам жылумен қамту жүйесі салынып, жаңғыртылады.
«Алдағы үш жылға 212 көп қабатты тұрғын үйді 56 блок-модульді газбен жылытылатын қазандық орнату арқылы жылыту жүйесіне қосу жоспары әзірленді. Биылғы жылы соның ішінде 88 көп қабатты тұрғын үй үшін 16 БМҚ салу жоспарланып отыр», - деді спикер.
А. Байжановтың мәліметіне сүйенсек, облыста газбен қамтуға жататын 474 елді мекен болса, соның 142-сі газдандырылған.
«Бүгінгі күнге елді мекендерді көгілдір отынмен қамту деңгейі 30 %-ке жеткізілді. Ал биылғы жылғы меже - бұл көрсеткішті 35 %-ке көтеру. Алдағы уақытта Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 74 елді мекенін газдандыру үшін «Үшарал» АГТС-імен «Талдықорған - Үшарал» МГ құрылысының ЖСҚ дайындау басталды, оған облыстық бюджеттен 150 млн. теңге бөлінген. Қазір Талдықорған қаласында көгілдір отынға қосылған абоненттер саны – 3700, ал жыл соңына дейін газбен қамтылғандар санын 5500-ге жеткізу жоспарланған», - деді Байжанов.
Алматы облысында келесі жылыту маусымына Т10 млрд астам қаржы бөлінді
